Жылыой ауданында Атырау имамдарының көшпелі мәжілісі өтті (+ ФОТО)

Бүгін Жылыой ауданына Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бастаған имамдар делегациясы барды.

Құрамы қала, аудан имамдарынан, ұстаздарынан тұратын делегация Жылыой ауданында облыс имамдарының көшпелі мәжілісін өткізді.

Көшпелі мәжілісте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен бағдарламалық жоба – 7 негізгі бағыт бойынша атқарылатын жұмыстар жоспары талқыланып, тізбесі нақтыланды.

«Биылғы жылы мүфтият ел көлемінде атқарылатын жұмыс бағытын жеті негізгі топқа бөлген болатын. Рухани тәрбие, яғни, ихсан ілімі, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, уағыз-насихат, ақпарат және қоғамдық жұмыс, жат ағыммен күрес, қайырымдылық, дін мен дәстүр бағытында атқарылатын жұмыстар тағы бір нақтылауды қажет етеді.

Айталық, дін мен дәстүр. Ықылым заманнан мұсылман халқымыз даламызға ислам келмей тұрып та, адамгершілік, ізгілік қасиеттерге құрылған, рухани құндылықтарды насихаттайтын дәстүрлерді күнделікті тұрмысқа енгізіп жіберген. Қазақтың дәстүрі мен ислам діні сабақтасып жатыр дейтініміз де осыдан. Бұл ретте мешіттеріміз дін мен дәстүрді, рухани құндылықтарды дәріптейтін ордаға айналуы тиіс.

Тәуелсіздік жылдарында халқымыз асыл дінімізбен қайта қауышты дегенімізбен, әлі күнге дейін сауатты діни кадр мәселесі елімізде өзекті болып келеді. Рас, егемендік жылдары елімізде мыңдаған мешіттер салынды, медресе-колледждер ашылды. Алматыда Нұр Мүбәрак ислам университетінің ашылуы – қазақ қоғамында бұрын – соңды болмаған жаңалық. Десе де, сауатты діни кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі әсіресе, аудан, ауылдық елдімекендерде өткір сезіліп отыр. Біз осындай мәселелерді қысқа мерзімде реттеп алуға жұмыстануымыз керек» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Көшпелі мәжілісте жеті негізгі жұмыс бағыты бойынша орталық «Иманғали» мешітінен бекітілген жауапты мамандар атқарылып жатқан және жоспарлы іс-шаралар туралы айтып, қала, аудан имамдары өзара тәжірибелерімен бөлісті.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.