ХХІ ғасырды жаңа технологиялар, жаңа белестер заманы деп атайды.
Шынымен, жылма-жыл сандық технологиялар кешені кеңейіп, жер жүзінің тұрғындары әлемдік ғаламтор арқылы хабар алмасып, мүмкіндіктері молайып отыр.
Алайда, озық заманның берер мүмкіндіктерімен қатар өңделмеген ақпарат саны да артуда. Бірін-бірі озып, интернеттен қызық қуған жастардың өмірге деген көз-қарасы соғырлұм тарып келеді. Азулыға бар заман, азусызға тар заман демекші, оңы мен солын ажырата алмаған адамдардың тағдыры алаңдатады. Ұлттық құндылық, діни сауаттан құр қалып жатқан замандастарымыздың ертеңі қалай болар?
Кейінгі уақытта бүкіләлемдік ақпараттық желісінде толып тұрған «ғылым-білімнің» қайсысы рас, қайсысы саяси тұрғыда, не өзге мақсатта ойдан шығарылып жазылғанын бірден анықтап білу оңай емес.
Дегенмен, бәріміз бір Алламен жаратылғандықтан, Алланың салынған жолымен, айтылған сөзімен, жазылған қағидаларымен өмір сүруіміз керек. Солардың бірі – аманатқа берік болу. Аманат (أمانات) сөзінің мағынасы: тапсырылған істі ықыласпен орындау, бір затты иесіне тапсыру немесе қайтару. Алла Тағала Құран Кәрімнің Ниса сүресі 58 ші аятында:
Негізінен Алла Тағала сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына билік қылсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етеді. Расында Алла сендерге нендей жақсы уағыз береді. Шәксіз Алла, толық естуші, тым қырағы.
Шарғи тұрғыдан қарағанда “аманат” дегеніміз:
Біріншіден: Құлшылықтағы адалдық.
Екіншіден: Арадағы келісім, шартты орындау.
Үшіншіден: Сауда мен төреліктегі адалдық.
Төртіншіден: Қоғам алдындағы адалдық.
Бесіншіден: Отбасы алдындағы адалдық.
Алтыншыдан: Пенденің өз денсаулығы мен дене мүшелеріне қатысты адалдық. Әрбір мүше Алла Тағаланың пендесіне берген аманаты. Осы себептен, шариғат адамға өзіне–өзі қол салуға, денесін суретпен таңбалауға (наколка) тыйым салады.
Аманатты сақтаған адам өзінің ырыс-берекесін де арттырады. Еселеп нығметке кенеледі. Сондықтан Алла тағаланың адамға бұйыртқан бұл сипаты жақсылыққа бастауы тиіс. Оны бар мұсылман қауым да түсінуі керек. Егер адам бұл жолдан тайса, оның зардабын тартатынын санаға сіңіруі тиіс.
«Алла және Оның расулы аманатты сақтайтын адамды жақсы көреді» деген хадистен бұл Алла Тағалаға да, Оның Елшісіне де жағымды іс екенін көреміз.
Істеп жүрген жұмыс немесе қызмет – аманат. Адам істеп жүрген жұмыс, күнделікті тауып жүрген нәпәқасы болғандықтан, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуі тиіс. Пайғамбарымыз (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Алла Тағала бір істі бастап соңына дейін жеткізген адамды жақсы көреді», – деген.
Сыр сақтау – аманат. Аманат етіліп айтылған немесе кенеттен кісінің сырын біліп оны басқаға ашпай сақтау мұсылманның міндеті. Әз пайғамбар (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын): бұл жайында: «Жұбайының жасырын сырларын басқаларға айту – аманатқа қиянат жасау болып табылады», – деп тыйған.
Сөз – аманат. Яғни, кісінің жақсы сөз сөйлеп, жаман сөзден тілін сақтауы.
Бір кісіге бір зат аманат етіліп тапсырылса, аманатқа қиянат жасалмай иесіне жеткізу.
Әбу Рақаши немере ағасынан риуаят етеді: «Мен тәшриқ күндерінің ортасында Алла Елшісі (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) түйесінің шылбырын ұстап адамдар арасынан өтіп бара жатқанмын. Ол кісі ұзақ насихатының ішінде:
«Кімнің мойнында кісі аманаты болса, тапсырған адамға толықтай өтесін», – деді.
Бұл қасиет бүгінгі күні де аса қажет. Адамзат аманатқа берік болып, сол жолдан таймаса екен деп тілейміз.
Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ,
«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің бас имамы.