Ізгі бір жаннан;
– Қалыңыз қалай? – депті.
Сонда ол, – Білмеймін, мизанда белгілі болады, – деген жауабын беріпті.
Иә, расында адам баласы жақсылы-жаманда амалдарымен Алла Тағаланың құзырына барады. Міне, сол жерде пенденің амалын өлшейтін таразы болады. Әр адамның амалы осы таразыда (мизанда) өлшеніп, сауабы ауыр тартқандар жәннәтқа кіреді де, күнәсі ауыр тартқандар тозаққа тасталады.
Егер тозаққа тасталушы иман еткен кісі болса, күнәсінің мөлшеріне қарай тозақта жазасын өтейді де, сонан соң тозақтан шығарылып жәннәтқа кіреді екен. Әрине,бұл таразы Иләһи әділет өлшемі болғандықтан, біздің ұғымымыздағы таразыдай емес. Оның шынайы болмыс-бітімі бір Аллаға аян. Қиямет қайымдағы әділет таразысы жайында аяттарда төмендегідей мәліметтер келтіріледі: «Қиямет күні туралық таразысын қоямыз.
Сонда ешкім әділетсіздікке ұшырамайды. Егер бір дән түйірінің салмағындай болса, оны әкелеміз. Есеп көруде жеткіліктіміз» (Әнбия – 47).
«Ал сол күні кімнің таразысы ауыр тартса, міне солар құтылушылар. Ал кімнің таразысы жеңіл тартса, міне олар өздерін зиянға ұшыратқандар. Олар тозақта мәңгі қалады» (Мүминун, 102-103).
kazislam.kz