Астанада дін қызметкерлері арасында спартакиада өтті

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына орай дін қызметкерлері арасында Ұлттық ойындардан спартакиада өтті.

Діни басқарманың «Ынтымақ» спортзалында өткен жарысқа Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған мүфтият қызметкерлері және облыс бас имамдарынан құралған 10 команда қатысты.

«Халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық спорт ойындарының қайсысы болсын белгілі бір ізгі мақсатқа негізделген. Қарапайым асық атудағы ойыншының жас ерекшелігін ескерсек баланы қырағылық, мергендік пен діттегеніне дөп тигізетін ұқыптылыққа баулиды. Бұл жайында адамзаттың асылы, екі дүние сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) хадистерінде айтылатын күш-қуатты, біліктілікті, ептілікті шыңдайтын спорт түрлерін ата-бабаларымыз ұлттық негізге сай дамытып, ғасырлар көшінде сүннетті берік ұстанған.

Бүгінгі спартакиаданы ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – күш сынасып, кім мықтыны анықтау емес, салауатты өмір салтын және сүннетке сай ұлттық ойындарымызды дәріптеп, насихаттау әрі дін қызметкерлері арасындағы ауызбіршілікті көпке үлгі ету» деді ҚМДБ Төрағасы.

Спартакиадада ұлттық спорт түрлерінен жоғары дәрежелі жаттықтырушы, төрешілер қызмет атқарғанын ерекше атай кеткен жөн. Қатысушылар жекелей сында садақ тарту, кір тасын көтеру, қолкүрес, асық ату мен турникке тартылу, сондай-ақ командалар арасында арқан тартыстан бақ сынады. Жарыс қорытындысында «Оқжетпес» командасы ең жоғары ұпайды еншілеп, спартакиаданың жеңімпазы атанды. Бұдан кейін «Алтай» командасы жүлделі ІІ орынды, ал «Отырар» командасы ІІІ орынды иеленді.

Айта кетейік, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом, медаль және бағалы сыйлықтарды табыс етті. Сондай-ақ «Каспий» командасы «Үздік форма» арнайы номинациясымен, ал төрешілер Бас мүфти атынан алғыс хатпен марапатталды.