Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы соғыс ардагерлерін шаңырақтарына барып Жеңіс мерекесімен құттықтап, арнайы сыйлық табыс етті.
Ұлы Отан соғысының ардагері Закария Сұлтанов бейбіт ұрпақ тарапынан көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдіріп, ел амандығын тілеп, бата берді.
Жеңіс күнін жақындатқан қарт майдангер Закария Сұлтанов бүгінде 96 жаста. Соғыстан кейін майдангер ұзақ жылдар əскери комиссариатта, ішкі істер органдарында қызмет істеді.
Бүгінде ұрпақ қызығына бөленіп отырған ақсақал бұл Жеңісте миллиондардың қаны бар екендігін айтады.
«Ел басына күн туған сонау сын сағатта иығына қару асынып, майданға аттанған аға – апаларымыз зұлмат кезеңде шынайы патриотизмнің өшпес үлгісін көрсетті. Біз барша майдангердің алдында алғыс айтып, бас иеміз. Аға-апаларымыздың мәңгілік ерлік дастаны ешқашан ұмытылмайды» дейді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Кездесу соңында Бас имам Жеңіс жолында қаза болғандардың рухына дұға бағыштады.
Жеңіс күніне орай арнайы сыйлық биыл 100 жасқа толғалы отырған Ұлы Отан соғысының ардагері Айдын Айбаров ақсақалдың шаңырағына да жолданды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.