Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Атырауда орталық «Иманғали» мешітнің ұйытқы болуымен облыс мешіттері жамағаттары арасында кіші футболдан турнир басталды.
Облыс орталығындағы «Жайық» спорт кешенінде өтіп жатқан турнирге қала, аудан мешіттерінен барлығы 9 команда қатысып, «А», «В» топтарында бақ сынасуда.
Турнирді ашқан Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы басты мақсат – жамағат арасындағы татулықты, бірлікті нығайту екендігін айтты.
«Адамның саулығы – Алланың берген ең ұлық аманаты. Адам денсаулықты қадірлеп және оны нығайта білуі де керек. Қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай өтіп отырған турнир арқылы біз жастарымыз арасында салауатты өмір салтын дәріптеуді, дәстүрлі мәзһабымызды насихаттауды, ынтымақта болуды мақсат етіп отырмыз» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Іс-шараға қатысқан Атырау облысы денешынықтыру және спорт басқармасы өкілі Аманжол Сағынғалиев және Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Серік Қадыров ойыншыларға сәттілік тіледі.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.