Атырауда бірқатар мешіттерге имамдар тағайындалды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Атырау қаласындағы «Анашым» мешітінің наиб имамы қызметіне Артық Абдураманов, Махамбет ауданы, Талдыкөл ауылында орналасқан «Әл-Жәмил» мешітіне Ерлан Марданов имам болып тағайындалды.
Абдураманов Артық Жұмабекұлы Түркістан облысы, Шардара ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2005-2009 жылдары аралығында Шымкент қаласындағы Оңтүстік педагогикалық университетін «Философия» мамандығы бойынша аяқтаған.
2005-2007 жылдары Құран Кәрімді толық жаттап, «қари» атанды. 2009-2012 жылдар аралығында Туркия Республикасы, Ыстамбұл қаласы, «Хасеки» ислами білімдер оқыту орталығында «Исламтану» мамандығы бойынша дәріс алған.
2014-2016 жылдар аралығында Астана қаласы, Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің «Дінтану» мамандығы бойынша магистрант атанды. Әр кезеңде Орал қаласы, «Орал» медресесі директор орынбасары, «Астана» медресесінде ұстаз, «Нұр Астана» мешітіне қарасты сауат ашу бөлімінде ұстаз, Атырау облысы «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы, 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап Ақтөбе облысы, Ырғыз аудандық мешітінің бас имамы қызметін атқарды.
Араб, түрік және орыс тілдерін меңгерген.
Марданов Ерлан Қуандықұлы – Атырау облысы, Исатай ауданы, Жанбай ауылында дүниеге келген.
2012-2015 жылдары Атырау инженерлік – гуманитарлық колледжінде есеп және аудит мамандығын тәмәмдаған.
2022 жылы Ақтөбе медресе көлледжінде «исламтанушы» мамандығын оқып бітірді.
Алғашқы еңбек жолын «Әл-Жәмил» мешітінен бастап отыр.