Атырауда өткен «Нұрға бөле, Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік шараға 100-ден астам адам қатысты.
Атырау облысы Дін істері басқармасының тапсырысымен «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қоры ұйымдастырған шара Атырау облыстық тарихи – өлкетану мұражайында өтті.
«Наурыз – қазақпен бірге жасап келе жатқан мереке. Сондықтан , жас ұрпаққа халқымыздың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын дәріптеу – ізгі мақсатымыз» деді Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Дүйсешұлы.
Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Наурыз жаңа сипатқа ие болғанын атап өтті.
«Ұлтына, діни сеніміне қарамастан, Наурыз – Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Мейрамды тарихпен ұштастырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің де өзіндік мәні бар» деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Концерттік бағдарламамен бірге, салт-дәстүрлерімізді дәріптеген сахналық қойылымдар назарға ұсынылды.
Алаңда ойын-тоймен бірге, қыз-келіншектер арасында сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылды.
Ер азаматтар арқан тартыс, асық ату, ләңгі тебу, «бұқа тартыс», гір тасын көтеру тәрізді ұлттық ойындарында өжеттігін, батылдығын, шапшаңдығын көрсетті.
Жеңімпаздар марапатталып, Наурыз бұқаралық сипатта аталып өтті.