Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы “Ислам және дәстүр құндылығы” жылы аясында Хакім Абайдың 179 жылдығына орай жастар арасында “Абайдай бол!” атты интеллектуалды сайысы өтті.
Сайысқа қала, аудан мешіттерінен 9 команда қатысты.
Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қатысып, сәттілік тіледі.
«Қазақтың ұлы ойшылы Хакім Абайдың шығармашылығымен танысу, дін мен дәстүр, руханиятқа адамгершілік сынды ұлы қасиеттерді адам бойынан табылуына мол мүмкіндік береді. Философиялық ой тұжырымдары қазіргі күнге дейін өзектілігін жоғатпай, өміршең болуда. Осыны әрбір адам жете түсінуі керек. Бүгінгі сайыс та осы мақсатты көздейді» деп атап өтті Бас имам.
Қызықты әрі тартысты өткен сайыста жүлделі бірінші орынды “Иманғали” орталық мешітінен құралған “Талап” тобы жеңіп алды. Екінші орынды “Әт-тақуа” мешітінің “Қанағат” тобы иеленді. Үшінші орынды Махамбет ауданынан “Ойлап қой” және Мақат ауданынан “Рахым” тобы қанжығасына байлады.
Интелектуалды сайысқа Атырау облысының құрметті азаматы, профессор Бақтыбек Жұбандықұлы, ақсақалдар кеңесінің мүшесі Абат Шәкірұлы және облыстың Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қазылық етті.
Жеңімпаздарға қаржылай жүлделер мен дипломдар табысталды.