Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы “Ислам және отбасы құндылығы” жылы аясында II республикалық “Ақ бата” бата беру сайысының облыстық іріктеу кезеңі өтті. Сайысқа 60 жастан ақсақалдар қатысты.
Дана халқымыз «Жауынменен ел көгерер, батаменен ер көгерер», «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» деп бекер айтпаған. Яғни жастар «ер болып көгеру» үшін дана қарияларды әдейі іздеп барып, бата алу дәстүрі бұрынғы қазақ қоғамында берік сақталған. Тіпті ұлыстың мызғымас ұстыны десе де болады. Бүгінде осы жауһар өнерді насихаттау мақсатында ақсақалдарымыздың басын қосып, жастарға үлгі болсын деген ниетпен бата сайысын ұйымдастырып отырмыз. Біздің мақсат ұлттық өнеріміз бен туындыларымызды насихаттау», – деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы.
Сайыс екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде қатысушылар білетін баталарын нақышына келтіре орындап, екінші бөлімде салт-дәстүр бағытында қойылған сұрақтарға жауап берді.
Сайыс қорытындысында жүлделі бірінші орынды Сағидолла Бәделұлы, екінші орынды Құмарғали Үмбетқалиев, үшінші орынды Сағытжан Ерназарұлы қанжығасына байлады. Бірінші орын иегері Түркістан қаласында өтетін республикалық бата сайысына жолдама алды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға қаржылай жүлделер табысталды.








