Атырауда Еркінқала ауылынан мешіт ашылды (+ ФОТО)

Атырау қаласындағы Еркінқала ауылынан ашылған 850 орындық мешітке «Қайтпай Сұлтан» есімі берілді.

Құлшылық үйінің ашылу рәсіміне Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров арнайы келіп қатысты.

Ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындардың басын қосқан салтанатты жиында наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы жұртшылыққа Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының  құттықтауын жеткізді.

«Халқымызда «Азаны бар ауыл азбайды» деген керемет тәмсіл бар. Мешіт – құлшылықтың, тәрбиенің ордасы. Бұл жерде иманды ұрпақ тәрбиеленіп шығады, ағартушылық бағытта ауқымды жұмыстар атқарылады деп сенемін.

Мешіт мейірімділік пен ізгіліктің, қайырымдылық пен білім беретін рухани орта. Мешіттің ішін көркейтетін жамағат. Сондықтан, Еркінқала ауылының тұрғындарын сәулеті жарасқан Алла үйінің ашылуымен тағыда құттықтаймын, – деді наиб мүфти Ершат Оңғаров.


Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Орақұлы жұртшылыққа ізгі тілегін жеткізді.

«Әлемде, қоғамда түрлі құбылыстар болып жатыр. Мешіт – имандылық ұясы. Қоғам тұрақтылығы, ел бірлігін арттырудағы мешіттеріміздің ролі ерекше», – деп атап өтті Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мешіт құрылысына атсалысқан жомарт жандарға – Бұланбай Аққұлов пен Дархан Сәрсеновке Бас мүфтидің алғыс хатын табыс етіп,
жұртшылыққа мешіттің имамын таныстырды.

Жаңа мешітке бас имам болып Сарсекеев Ажок Саясатұлы тағайындалды.



Ажок Сарсекеев 1983 жылы  31 қазан айында Атырау облысы , Жылыой ауданы , Қаратон поселкесінде дүниеге келген.

1990 жылы Крупская мектебінде білім алған.

2001-2003 жылдары әскери борышын өтеген.

2003-2010 жылдар аралығында әр түрлі мұнай компанияларында қызмет атқарған.

2010-2013 жылдары «Ақтөбе медресе» колледжiн бiтiрген.
2013-2016 жылдары «Нұр-Мүбарак» ЕИМУ-тiн бiтiрген.
2016-2021 жылдары Жаңа Қаратон кентіндегі «Нұрқас Сатыбалды»  мешітінде имам қызметін атқарған.

2021 жылдан осы уақытқа дейін «Жылыой мұсылмандары» мешітінде наиб имам болып қызмет атқарды.

Еске сала кетсек,  аталған мешіттің іргетасын 2021 жылы 23 ақпанда Бас  Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз қолымен қалаған болатын.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.