Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйел-қыздар секторының Атырау облысы бойынша өкілдігі, соның ішінде «Ихсан» мешітінде ұстаздар «Мәуліт кешін» өткізді.
«Мінсіз Мұхаммед» деп аталатын рухани кеште шәкірттер салауат айтудан өзара сынға түсті.
«Салауат» сөзі араб тілінде «береке», «құрмет көрсету», «тілек» сияқты мағыналарды білдіреді. Салауат айту – ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген жақындығымыз бен сүйіспеншілігіміздің белгісі, оған деген алғысымызды білдіріп, сағынышымыз бен құрметімізді жеткізу.
Қазақ жұртшылығы үшін салауат айту бейтаныс ұғым емес. Себебі, аталарымыз барына шүкір етіп, жоғына сабыр етіп: «барға қанағат, жоққа салауат» деп, үнемі игі тілекте болған.
Мұсылман адамның Алла Тағалаға мақтау сөздерін айтуымен қоса, Алла Тағаланың ең сүйікті құлы, соңғы пайғамбары ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауат сәлемдер тілеп жүруінің маңызы өте үлкен. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 56-аятында:
«Расында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар», – деп бұйырған» дейді ұйымдастырушылар.
Мәуліт кешінде салауат айтудан сынға түскен шәкірттер марапатталды.