Атырауда имамдар Ноғай қауымына тазалық жұмыстарын жүргізді

amin.kz/19 наурыз, 2020 жыл.  Тазалық жұмыстарына Атырау қаласына қарасты барлық мешіттердің қызметкерлері жұмылды.

«Тазалық исламның талаптарынан. «Алла Тағала таза, барынша таза құлдарын жақсы көреді» деген.

 Ислам діні тазалықты екіге бөліп қарастырады. Ол –  сыртқы тазалық және рухани тазалық. Осы сыртқы тазалықтың өзі бірнеше бөлімдерге бөлінеді. Демек, бiз мұсылмандарға түскен мiндет – айналамыздағы қоршаған ортаны таза ұстау.

Осы ретте біз қабірлерге тазалық жұмыстарын жүргізу арқылы, қоршаған ортада лас вирустардың таралмауына ықпал еткіміз келді» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, елімізде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланды. Аталған режим 30 тәулікке созылады. Коронавирус дертінің ушығуына байланысты, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары карантин жағдайында деп жарияланды.

Сонымен бірге, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің пәтуасымен елімізде жұма және бес уақыт намазды мешіттерде жамағатпен оқу уақытша тоқтатылды.

Қазіргі таңда еліміздегі барлық мешіттер күшейтілген санитарлық режимге көшті.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.