Атырау қаласының «Береке» ықшамауданында орналасқан «Иман» мешіті қайырымдылық шарасын өткізді.
Мешіт жамағатының атсалысуымен Шәдат ақсақалдың сырқаттанып жатқан немересінің еміне 200 мың теңге көлеміндегі қаражат табыс етілді.
«Адам баласы қоғам ретінде өмір сүруге бейім жаратылғандықтан бір-біріне мұқтаж. Осындай мұқтаждық адамдардың бір-біріне жәрдемдесуін, бір-бірінің кем-кетігін толтыра отырып, үйлесім негізінде өмір сүруін талап етеді. Сондықтан да, ислам діні жақсылық жасауды, өзара жәрдемдесуді әрі рухани әрі материалдық қырынан жан-жақты қолға алып, оны діни-моральдық жауапкершілік ретінде бекіткен.
Құран Кәрімнің көптеген аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бұл анық көрініс тапқан. Алла Тағала:«Сендер адамдардың арасынан шығарылған қайырлы үмбет болдыңдар..» (Әли Имран, 110) деп, мұсылмандарды жақсылық жаршылары ретінде сипаттап, ұдайы жақсылық жасауға шақырған» дейді «Иман» мешітінің имамы Назарбай Абдураманов.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.