Атырауда орталық «Иманғали» мешіті жанындағы Қайырымдылық орталығы кезекті ізгілік шарасын жасады.
Қала тазалығы әрі қаладағы жасыл желектің өсіне атсалысып, күтіп-бағып жүрген Атырау арнаулы автобаза мекемесінің қызметкерлеріне құрбан малының етін таратты.
24 отбасын қамтамасыз еткен шара аясында Атырау облысы орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Арман Исаев гүл егіп, тал өсіріп, қала тазалығын сақтап жүрген қызметкерлерге алғыс айтты.
«Диқаншылық жасау, егін егу, жеміс көшетін, тал немесе гүл отырғызу, оны суғару, күтім жасау – ғибадат-құлшылық. Мұсылманның аталған істерді атқарып, сауапқа кенелуінің себебі – қоршаған ортаның жақсаруына үлес қосуына, адамзатты түрлі өнімдермен, жеміс-жидектермен қамтамасыз етуіне, табиғатты аялауына, баптауына байланысты. Егінші өзін ойлап қана қоймай, ел-жұрт игілігі үшін әрекет жасап, жақсылықты арттыруға көмектеседі. Біздің ата дініміз осындай құндылықтарға құрылған» деп атап өтті Атырау облысы орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Арман Исаев.