Атырауда Қадір түні үш адамға қажылыққа жолдама берілді (+ФОТО)

Атырау облысының Бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы қасиетті Қадір түнінде үш адамға Умраға жолдама табыс етті.

Оның ішінде, Рамазан айында тарауых намазын жүргізіп, құранды хатым еткен қари Еркебұлан Сержанұлы және мешіттің тұрақты жамағат-ақсақалдары бар.

 «Мұсылман өзінің жан дүниесі күнәдан таза және Жаратқан Раббысының құзырына пәк болып баруды армандайды. Ал, қажылық парызын мүлтіксіз абыроймен орындаған пенденің анадан туылған сәбидей кіршіксіз таза болатындығы жайлы Алла елшісі хазреті Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыз: «Кімде-кім Алланың үйіне қажылық ғибадатын орындап, онда ешбір күнә немесе жат қылық жасамаса, ол пенде еліне қайтқанда анасынан туылғандағыдай күнәдан пәк болады» деген.

Иә, қажылық мұсылманның өз адал қаражаты және бар болмысымен орындайтын құлшылығы. Бұл ғибадатқа түйірдей атаққұмарлық немесе даңққа бөлену секілді жат ниет араластырмау қажет. Мұсылман қажылық парызын өтеу жолында барша қиыншылықтарға сабырлылық танытқаны үшін пайғамбарымыз (ﷺ): «Аллаһым, қажының күнәсін және қажы дұға еткен пенденің күнәсін кешір», – деп дұға жасаған» деп атап өтті Бас имам Болатбек Ұласқанұлы.