Атырауда Құрбан айтқа байланысты құрылған арнайы штабтың отырысы өтті.
Онда құрбандық шалу рәсімін эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн форматта үйлестіру шаралары талқыланды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуынша, қазіргі таңда қала, аудандарда арнайы штабтар құрылып, жұмыс тобы жасақталуда.
«Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 20, 21, 22 шілде күндеріне сәйкес келеді. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты, құрбандық шалу биыл да қашықтықтан жүзеге асырылмақ. Бұл – індет өршіп тұрған жағдайда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы оңтайлы жол» деп атап өтті Бақытгүл Хаменова.
Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қазіргі таңда арнайы штабтың Атырау қаласындағы мал базарларын және қасапханаларды тексергенін атап өтті.
«Әзірге санитарлық талапқа сай 2 мал сою орны белгіленді.
Олар – Атырау-Махамбет тасжолының бойындағы «Адал» және «Жерұйық» ықшам ауданындағы «Тума» мал базары.
Мұндай санитарлық талапқа сай мал сою пункттері аудандарда да қарастырылған» деп нақтылады Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, құрбан шалуға ниет еткен атыраулықтар Мүфтият ұсынған Qurban2021.kz сайты арқылы құрбан малына тапсырыс бере алады. Ал, мұқтаж отбасылардың аталмыш сайт арқылы құрбандық етін алуға 17 шілдеден бастап өтінім беруге мүмкіндігі бар.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз – қызметі.