Атырауда 29 шілде күні республикалық Құран жарысына іріктеу туры өтеді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Атырау облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Құран кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша, ХІІІ республикалық Құран жарысына іріктеу туры өтеді.
Іріктеу туры кезінде үміткерлер Құранның 10 парасын, Құранның 20 парасын жатқа айтудан және Құранды мәнерлеп оқудан сынға түседі.
«Жарысқа үміткер тек бір номинация бойынша ғана қатыса алады. Сондай ақ, үміткердің жасы 30-дан аспаған болуы тиіс. Үміткердің жаттаған паралары толық болуы керек. Құранды жатқа айту кезінде, тәджуидімен көркем оқуына мән беріледі. Бұрын Құран жарыстарында жүлдегер болғандар іріктеу турына қатыса алмайды» дейді ұйымдастырушылар.