Атырауда Қадір түнінде Құран сайысы өтті (+ ФОТО)

Атырау облыстық “Иманғали” орталық мешітінің ұйымдастыруымен қасиетті қадір түніне орай Құран Кәрімді жатқа оқу сайысы ұйымдастырылды.

Сайысқа облыс мешіттерінен іріктелген 30 жас үміткер қатысып бақс сынады. Атырау облысының бас имамы Болатбек Абу қатысушы жас қариларға сәттілік тілеп, қасиетті кәләмді жаттаудың маңызы жөнінде ойымен бөлісті.

Бұл сайыс – жай ғана жарыс емес, Алланың кәләмін жүрекке сіңіруге, оны терең түсініп, өмірде амал етуге деген құлшыныстың көрінісі.

Құран – біздің өміріміздің шамшырағы, ақыретіміздің нұры. Оны жаттау – үлкен мәртебе, ал оған амал ету – одан да жоғары дәрежедегі сауапты іс. Сіздер бүгінгі жарыста білімдеріңізді сынап қана қоймай, өздеріңізге рухани азық жинап, имандылық жолында жаңа белестерге қадам басып отырсыздар.

Алла Тағала баршаңызға Құран ілімін терең игеруге, оны жүректеріңізде мәңгі сақтауға күш-қуат берсін! Жастық шағыңызды Құранмен көркемдегендеріңіз үшін сіздерге зор алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да білімдеріңізді жетілдіріп, елге, дінге қызмет ететін нағыз мұсылман азаматтар болуларыңызға тілектеспін,-деп ізгі тілегін жеткізіп сайыстың өтуіне қолжау көрсеткен демеушілерге ризашылығын білдірді.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі 1-ші орынды Көшкін Абылай “Қайтпай Сұлтан” мешіті
2-ші орын Аділханұлы Ерқанат Қалалық “Иман” мешіті
3- орын Қызылқоға ауданынан келген Әбуғалиев Мерейге бұйырды. Ал арнайы көрермен көзайымы номинациясына ең жас қатысушы Абдуррахман Нұрболатұлы лайықты деп танылды.

Жеңімпаздар мен қатысушыларға дипломдар мен қаржылай жүлделер табысталды. Құран сайысына өңірдегі қари ұстаздар қазылық етті. Игі шара алдағы уақытта да құранның 20,30 параларын және толық жаттаған қарилар арасында да өтетін болады.