Атырауда Ұлы Отан соғысының ардагерлерінен облыстың Бас имамы бата алды (+ ВИДЕО)

amin.kz/ 9 мамыр, 2020 жыл.  Әлем тарихына ең қанқұйлы деген атаумен енген екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіске 75 жыл толу құрметіне орай, Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы соғыс ардагерлеріне арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері Айдын Айбаров пен Закария Сұлтанов өткерген қорқынышты күндердің естелігімен бөлісіп, бейбіт күннің аспанын бұл шалмасын деген ақ тілектерін арнап, бата берді.

«Қазақта қарты бардың қазынасы бар» деген керемет тәмсіл бар. Ақылгөй ақсақалдарымыз аман болсын. «Батамен ел көгереді» демекші, ақсақалдарымыздың берген батасы тұтас еліміздің болашағы үшін берілген бата. Еліміз аман болсын» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Айдын Айбаров ақсақал «Отан соғысы» орденінің, ІІ дәрежелі «Даңқ орденінің» иегері. «Ерлігі үшін» медалінің, «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен нагрдаталған.

Беларусь майданының құрамында соғысқан Закария Сұлтанов ақсақал ІІ дәрежелі «Даңқ орденінің» иегері.

Еске сала кетелік, бүгін Атыраудың Жеңіс саябағында “Тағзым аллеясы” ашылды. Тағзым аллеясын облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен қала әкімі Қайрат Оразбаев ашты.

Осылайша, Жеңіс саябағына – Ұлы Отан соғысының атыраулық қаһармандарына арналған 14 бюст орнатылды.

Олардың ішінде Кеңес Одағының батырлары, Халық қаһарманы мен Даңқ орденінің толық иегерлері бар. Бюсттер қоладан құйылып, постаменттері толық граниттен жасалған.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.