Атырау қаласындағы «Ихсан» мешітінде «Құраным – нұрдан тәжім» атты рухани шара өтті.
Шара аясында «Ихсан» мешітінің ұстазы Айнұр Еділбайқызы ислам дінін меңгеруге ден қойып, Құран оқуға кіріскен шәкірттерге тәж кигізді.
Жиырмаға жуық шәкіртке құрмет көрсетілген шара барысында ұстаз Айнұр Еділбайқызы Құран үйрену, Құран оқудың бітпейтін сауабы туралы насихат айтты.
Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі. Құран – құндылығы еш ескірмейтін кітап. Құран – бүкіл заман үшін, бүкіл адам баласы үшін жарамды қағидаттар мен құндылықтарға толы қасиетті кітап.
Құранды оқыған және оған амал қылған адамның қол жеткізер дүниесі өте үлкен. Алла Тағала Құран Кәрімде «Алланың кітабын шынайы түрде (яғни амал ете отырып) оқитын, намазды толық орындайтын және өздеріне берген рызық-несібемізден ізгілік жолында жасырын-жария жұмсайтындар ешқашан зиянға ұшырамайтын сауданы үміт ете алады. Өйткені, Алла оларға тиісті сауабын толық береді. Сондай-ақ Өзінің шексіз шарапатымен олардың сыйын одан сайын арттыра түседі. Алла өте кешірімді және шүкіршіл (яғни әрбір ізгі ниет пен амалдың қарымын еселеп, артығымен беруші)», – дейді («Фатыр» сүресі, 29 аят). Яғни Құранды оқыған және оған амал қылған адамның еңбегі еш кетпейді. Алла Тағала оның бұл амалына еселеген сауап жазатынын уәде етіп тұр» деп атап өтті ұстаз Айнұр Еділбайқызы.