Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Қызылбалық ауылында орналасқан жаңа зират жобасымен танысты. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жанындағы “Қамқор Шарапат” салттық қызмет көрсету орталығының бастамасымен жүзеге асқан “Зират және зиярат әдебі” тұжырымдамасы негізінде қолға алынған, “Жаңа зират” жобасы Бақтыгерей молла мешіті мен жергілікті тұрғындар тарапынан қолдау тапты.
Аталған жоба – халықтың діни танымын көтеріп, қабірлерді ретке келтіру, діни рәсімдердің шариғатқа сай орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған игі бастама. Бас имам жобаның маңыздылығына тоқталып, ел ішінде мұндай үлгілі зираттардың көбеюі қажеттігін атап өтті.
Жаңа зират жобасы – біз үшін үлкен жауапкершілік. Бұл орын марқұмдарға құрмет көрсетіп, ислам дәстүріне сай жерлеу рәсімдерін орындауға мүмкіндік береді. Зираттың таза әрі тыныш ортасы адамдарға рухани тыныштық сыйлап, дұға етуге арналған орын болады. Бұл жоба арқылы дүниеден өткен марқұмдарға көрсетілетін құрмет болып табылады,-деді бас имам.
Еске сала кетсек аталған жоба былтырғы жылы басталған. Қазіргі таңда 7 зират тұрғызылды. Бұл жерде марқұмды құбылаға қаратып жерленуі, зиратының шариғатқа сай салынуы ескерілген. Жоба жергілікті әкімдікпен бірлескен түрде жүзеге асуда.




