Атырауда Жұлдыз елдімекеніне қарасты Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте қайырымдылық жәрмеңкесі өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйел-қыздар секторының Атырау облысындағы Қажымұқан Мұңайтпасов мешіті жанындағы әйел-қыздар секторы ұйымдастырған жәрмеңке барысында жиналған қаражат қайырымдылыққа жұмсалатын болады.
Жәрмеңке аясында мешітке келушілерге үй жағдайында дайындалған тәтті тоқаш, кондитерлік өнімдер, өзге де түрлі тағам түрлері қолжетімді бағада сатылды.
«Жәрмеңкенің мақсаты – қайырымдылық жұмыстарына үлес қосу. Көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен, мұқтаж шаңырақтар кейде мешіттерден қаржылай көмек сұрап келіп жатады. Дәрі-дәрмек алуға, ем-домға қажетті қаражат сұрайтын адамдар да бар. Жәрмеңкеден түскен қаражат осындай ізгі мақсатқа жұмсалады» дейді ұйымдастырушылар.