Атыраулық имамдар мен еріктілер «Таза Қазақстан» акциясы аясында мешіттер мен зират аумақтарын тазалады

Атырау облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен елімізде жарияланған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік өтті. Акцияға облыстағы мешіттер мен имамдар, мешіт жамағаты және ерікті жастар белсенді түрде қатысты.

Игі шара барысында мешіттердің ауласы, айналасы және зират маңдары тазаланып, қоқыстар жиналып, ағаштар мен көгалдарға күтім жасалды. Қатысушылар қоршаған ортаның тазалығына үлес қосып қана қоймай, марқұмдардың рухына Құран бағыштап, дұға жасады.

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы бұл шараның рухани әрі әлеуметтік маңызын атап өтті:

«Тазалық – иманның жартысы» деген хадисте де көрсетілгендей, мұсылман үшін тазалық – тек физикалық әрекет емес, рухани тәрбие мен адамгершілік негізі. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау – Алланың аманатына адалдық. Мұндай шаралар қоғамдағы тазалық мәдениетін қалыптастырып, жастарға үлгі болмақ. Біз тек мешіт маңын емес, адамдардың жүрегін де тазартуға үндейміз», – деді бас имам.

Имамның айтуынша, қазіргі таңда қоршаған ортаның ластануы — жаһандық мәселе, ал оған қарсы күрес әр адамның санасынан басталуы тиіс. Бұл сенбілік — тек тазалық қана емес, елдік бірліктің, ортақ жауапкершіліктің көрінісі.

Шара облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылып, алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасады. Имамдар осындай акциялар арқылы қоғамға экологиялық тәрбие мен рухани тазалықты қатар насихаттауға баса мән беріп отыр.