Атырауда «ATO.kz» атауымен тelegram-бот каналы іске қосылды. Бот арқылы өңір тұрғындары өз әлеуметтік желілерін күмәнді діни парақшалардан қорғай алады.
Бұл туралы облыстық Дін істер басқармасының басшысы Қайролла Көшкалиев баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
– Желі арқылы белгілі бір ұйымға тіркеліп, басқа елге барып оқу оқып, оралғаннан кейін өз дәстүрлеріне қарсы шығып, отбасынан безіп жатқандар да аз емес. Атырау облысы Дін істер басқармасына жылына әр-түрлі ата-аналар келіп, баласының адасып жүргенін айтып, шағымданады.
Міне, осындай жағдайлардың алдын-алу үшін үнемі дін жолында жүрген балаларды тексеріп тұру керек. Оның кіммен жүргенін, қандай білім алып жатқанын және әлеуметтік желі арқылы кімді оқитынын тексеруге бұл бот жақсы мүмкіндік,- деді Қ.Көшкалиев.
Облыстық Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының бөлім басшысы Ізбасар Салимов бұл боттың пайдалану жолдарына тоқталып өтті.
– «ATO.kz» тelegram-боты облыс бойынша тіркелген кез келген тұлғаның әлеуметтік желілерінің сілтемесі арқылы күмәнді, қауіпті топтарға тіркелгені бойынша тізім шығарып береді.
Ең алдымен тelegram бағдарламасын жүктеп алып, «ATO.kz» деп боттың атауын енгізіп, тіркелесіз. Содан кейін облыс аумағында тіркелген парақшаның сілтемесін қойып, желіңізді тексеріп алу мүмкіндігі бар,- деді І.Салимов.