Аз тамақтанудың 10 пайдасы

«Арғымақтың баласы аз оттар да, көпжусар, Азамат ердің баласы аз ұйықтар да, көп жортар» дейді Махамбет Өтемісұлы.

Демек, тектілік, асылдықтың, азаматтықтың, «арғымақтықтың» белгілері – «аз оттап, көп жусау», «аз ұйықтап, көп жорту» десек, қателеспейміз. Дінімізде де дүниеге көңіл қоймаған, ақыретін ойлаған тақуа ерлердің күндізін «саим», ал түнін «қаим», яғни күндізін оразамен, ал түнін құлшылықпен өткізетіні айтылады. Ақиқатында, Рамазан да «аз оттап, көп жусайтын, аз ұйықтап, көп жортатын» айдың бірі десек те болады.

Жалпы, адамның рухани кемелдігі – аз оттау мен аз ұйықтауға байланысты. Қазақ «ұйқы – арсыз, тамақ – арсыз, күлкі – арсыз» дейді. Шектен шыққан ұйқы, тамақ, күлкі – адамның рухани кемелденуіне тұсау болар кедергілер. Ұйқы мен күлкі де негізінен көп тамақтанудан келеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Алла Тағаланың құзырында ең мәртебелі болғандарыңыз – көп ойланып, аз тамақтанатындарыңыз. Ал Алланың құзырында ең сүйкімсіздеріңіз – көп тамақтанып, көп күліп және көп ұйықтайтындарыңыз», – дейді.

Жүрек көзінің ашылуы да асқазанға тікелей байланысты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын: «Асқазанын аузы-мұрнына дейін толтырған жанға көктердің мәләкуты (бес сезім мүшесімен біліп болмайтын періштелер мен рухтар әлемі) көрсетілмейді», – дейді. Тағы бір хадисінде: «Көп жеп-ішумен жүректеріңді өлтірмеңдер. Өйткені жүрек егін секілді. Көп суғарсаң, шіріп кетеді», – дейді ардақты елшіміз.

Нәпсінің тәрбиесі де тамақ, ұйқы және сөзді азайтудан басталады. Ихсан ілімінде нәпсіні негізінен жабайы, асау, бас бермес жылқыға теңейді. Сондықтан да жабайы аң мен нәпсінің тәрбиесі ұқсас келеді. Имам Ғазали де: «Жыртқыш және жабайы аңдар аштықпен үйретілгені секілді адамның нәпсісі де аштықпен, оразамен тәрбиеленеді», – дейді.

Бүркіт баптайтындар жақсы біледі, бүркітті қолға үйрету үшін оған томаға кигізіп, теңселмелі бақанға отырғызып, әлгі бақанды тыныштық бермей жіппен әрі-бері тербетіп, бүркітті бірнеше күн аш және ұйқысыз қалдырады. Бүркіт әлсіздіктен талықсып құлаған кезде ғана қолға үйрене бастайды.

Дәл осы секілді нәпсі де – қолға үйретілмеген, асау, жабайы бір аң тәрізді. Оны қолға үйрету үшін де айналадан бір сәтке оңашалап, жүректің тұнығын лайлайтын көз, асқазан, құлақ секілді каналдарды жауып, аш және ұйқысыз қалдыру керек. Сол кезде ғана нәпсі айтқанға көніп, айдағанға жүретіндей жағдайға келеді.

Ендеше, Рамазан айы да – нәпсі тәрбиесі үшін тамаша бір мүмкіндік. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын: «Рамазан айы кіргенде жәннат есіктері ашылып, жәһаннам есіктері жабылып, шайтандар кісенделеді», – дейді. Жәннат есіктерінің қалайша ашылатынын тағы да Пайғамбарымыздың хадисінен білеміз. Алла елшісі: «Жәннаттың қақпасын жиі қағыңыздар», – дейді. Сонда Айша анамыз (р.а): «Жәннаттың қақпасын немен қағамыз?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аштықпен және шөлмен», – деп жауап береді.

Ал Рамазан мен шайтандардың кісенделуінде қандай байланыс бар деп ойласаңыз, оның да жауабы мына бір хадистен түсінікті болатын секілді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қанның тамырларда айналғанындай, шайтан да адамның денесінде осылайша айналады. Олай болса, сіз де аз тамақтану арқылы шайтанның жолдарын тарылтыңыз», – дейді.

Демек Рамазанда адам күні бойы аш жүретіндіктен, шәһуат қуаты да бәсеңдейді, нәпсісі де әлсірейді. Осылайша «іштегі жау» нәпсі – шайтанға іштен есік ашып бере алмай, шайтанның да аяғына тұсау, қолына кісен түсіп, адамды оңайшылықпен азғыра алмай, діңкесі құриды екен. Хакім Абайдың

«Тамағы тоқтық,  Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» деуінің мәні де осы болса керек.

Осының бәрін тізіп келгенде аз тамақтанудың, ашығудың адамның рухани кемелдігіне қандай пайдасы барын көреміз. Осыған байланысты назарларыңызға Рамазан айына тұздық ретінде Имам Ғазалидің «Аз тамақтанудың пайдалары жайлы» кеңестерін ұсынғымыз келеді.

«Бірінші пайдасы: Аштықта жүрек саф және нұрлы болады. Ал тоқтық – адамның жүрегін көр етіп, ой ойлап, пікір жүгіртуіне тұсау болады. Көп тамақ жеуден пайда болатын бу миға шауып, адамның ақымақ болуына жол ашады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Аз күлумен жүректеріңді тірілтіңдер. Аштық және аз жеумен тазаланыңдар. Өйткені жүрек аз жеумен саф және жұмсақ болады». Сондай-ақ былай деген: «Тыңқия тамақ жеу арқылы жүректеріңдегі мағрифат нұры сөніп, хикмет нұры көзден ғайып болмасын. Өйткені мағрифат – жәннат жолы. Аз тамақ жеу де – жәннаттың қақпасын қағу.

Екінші пайдасы: Аз тамақтанудан ой-пікір мен жүректе сезімталдық пайда болады. Бұдан адам зікір мен дұғаның ләззатына қауышады. Ал көп тамақтанудан жүрек қатайып, қатыгездік пен қайғы пайда болады. Жүнәйд Бағдадидің айтуынша, дастарханды өзі мен Алланың арасында перде еткен адам мінәжаттың ләззаты мен дұғаның ақиқатына жете алмайды.

Үшінші пайдасы: Тоқтықтан пайда болған жаман ниет, ашкөздік, қанағатсыздық және ғапылдық – жәһаннамның оты тәрізді. Аз тамақтанудан адамда дәрменсіздік, әлсіздік сезімдері пайда болады. Бұдан құл өзін Алланың алдында дәрменсіз және әлсіз бір жандай көреді. Бұл әлемдегі барлық қазыналар Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұсынылғанда, ол бұлардың ешбірін қабыл етпей: «Бір күн аш, бір күн тоқ жүруді әлемдегі барлық қазынадан да қатты сүйемін. Себебі аш болған уақытымда сабыр етемін, тоқ болған уақытымда шүкір етемін», – деген.

Төртінші пайдасы: Тым тоя тамақ жеген адам аштардың жағдайын түсінбей, оларды ұмытады. Мейірімділік сезімдері жойылады. Ақыреттің азабын естен шығарады. Аз тамақтанып, аш болған уақытта жәһәннам иелерінің тартқан аштығы мен шөлін ақыл-есінен шығармайды. Ғапылдыққа түспейді және ақырет сапарына көркем түрде дайындалады. Хазіреті Жүсіп пайғамбарға (ғ.с): «Сен қазынаның құлағын ұстап тұрсаң да не үшін аш жүресің?» – деген екен. Сонда Жүсіп: «Егер тоқ болсам, аштардың жағдайын ойламай, олардың қиындығын ұмытамын ба деп қорқамын», – деген екен.

Бесінші пайдасы: Барлық бақыттың басы – адамның өз нәпсісін тізгіндеуі және оны өз билігіне алуы. Ал барлық бақытсыздықтың басы – нәпсі қалауының құлы болу. Жыртқыш және жабайы аңдар аштықпен үйретілгені секілді адамның нәпсісі де аштықпен, оразамен тәрбиеленеді. Барлық жамандық пен күнәлар шәһуаттан келеді. Ал шәһуаттың қайнар көзі – тоқтық. Хазіреті Айша (р.а): «Пайғамбарымыздан кейін шыққан ең алғашқы бидғат – тыңқия тамақ жеу», – деген.

Көп тамақтанған жан көп сөйлеп, көп өсек айта бастайды. Қалауы көбейеді. Өзгелердің кемшілігін іздеумен айналысады. Ұятты жерін арсыздықтан қорғаса да, көзін харамнан қорғай алмайды. Аз тамақтану және аш қалу арқылы адам өзін бұл бәлелердің бәрінен қорғай алады.

Алтыншы пайдасы: Аз тамақтанған жанның ұйқысы да жеңіл болады және аз ұйықтайды. Аз ұйықтағандығы үшін де түнгі ғибадаттарына бөлетін уақыты да болады. Пікір (тәфәккүр) және зікірмен (тәзәккүр) айналысу арқылы жоғары дәрежелерге жетеді. Көп тамақтанатын адамды ұйқы басады және көп ұйықтайды. Өлі секілді серейіп жатады. Қадірлі өмірінің көп бөлігін босқа өткізген болады.

Жетінші пайдасы: Аз тамақтанған адам қанағатшыл болады. Іліммен және амалмен айналысуға уақыты көп болады. Көп тамақтанатын адам уақытының көбін сол тамағына қол жеткізу үшін сарп етіп, уақытын ысырап қылады. Әбу Сүлейман әд-Дарани былай дейді: «Тоя тамақ жеген адамда мына халдер пайда болады:

– Ғибадаттан ләззат алмайды;

– Құран жаттауы және жаттағандарын ойында сақтауы қиындайды;

– Әркімді өзі секілді тоқ деп ойлағаны үшін адамдарға деген мейірімділік сезімі азаяды;

– Жүрегі қатаяды;

– Шәһуаты артады;

– Мүміндер мешіттердің айналасында жүрген уақытта, ол дәретханаларды жағалап жүреді.

Сегізінші пайдасы: аз тамақтанумен дене сау болады. Бірқатар аурулардан, дәрі-дәрмекке жұмсалатын шығындардан, дәрігерлерден құтылады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаңыз, деніңіз сау болады», – дейді.

Тоғызыншы пайдасы: Аз тамақтанғанның шығыны да аз болады. Ондай жандардың артық мал-мүлікке де қажеттілігі болмайды. Барлық бәлелер, күнәлар және рухани дерттер мал мен ақшаға деген қажеттіліктен туады. Күнде жақсы және көп тамақ қалайтын жан ол тамақтың қалай дайындалғанына мән бермейді. Харам ба, халал ма, оған көп бас қатырмайды. Қалай қол жеткізгенін зеттеумен айналысатындай уақыты да болмайды. Сол себепті күмәнді және харам ас жеуден тартынбайды.

Оныншы пайдасы: Аз тамақтану арқылы өз нәпсісімен күресте жетістікке жеткен жан мал-мүлкінен садақа беруге, пақырларды жарылқауға, сабырлы және қанағат иесі болуға шамасы жетеді. Асқазанға түскен әрбір астың соңғы барар жері – дәретхана. Ал садақа мен зекет ретінде берілген әрбір нәрсенің соңғы жетер жері – Алла Тағаланың сый-сияпаты. Пайғамбарымыз қарны шыққан семіз адамды көріп: «Бұл қарынға салған нәрсені басқа жерге (садақа ретінде) бергенің сен үшін қайырлы болар еді», – дейді.

Салтан САЙРАНҰЛЫ

«Мұнара» газеті, №8, 2021 жыл