Балық берме, қармақ бер

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауыр жұмыстан қолы күстеніп кеткен сахабасына қарап: «Бұл қолды Алла және Оның елшісі жақсы көреді», – десе, басқа бір хадисте: «Шын мәнінде Алла бір іспен шұғылданушы құлды жақсы көреді», – деп, жұмыс істеп, қиыншылық көрген және қандай да бір мамандық, не кәсіп иесін Алланың жақсы көретінін баяндаған.

Алла Тағала Құран Кәрімде әрбір мақұлықты ризықсыз қалдырмайтынын айтқан: «Жер бетіндегі әр жәндіктің (дәббә) ризығы Аллаға ғана тән» («Худ» сүресі, 6-аят). Аятта «дәббә», яғни жәндік сөзінің қолданылуында үлкен мән бар. Өйткені жәндіктер өз қорегін табу жолында әрдайым тынымсыз әрекет ететіні белгілі. Сол себепті аяттың мағынасын «егер тіршілік иесі әрекет жасайтын болса, Алла оны ризық-несібесіз қалдырмайды» деп түсінуге болады.

Ислам діні адамзатты жұмыс істеуден немесе қандай да бір кәсіппен шұғылданудан тыймайды. Керісінше отбасын асырау, қажеттілігін өтеу, тағы басқа жетістіктерге жетуге құлшындырып, адал еңбек етуге баулиды. Тіпті қолынан келсе, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауға ынталандырады. Дегенмен өзгелерден қол жайып сұрауды құптамайды. Адамның үзірлі болуы немесе жағдайдың соған мәжбүрлеуі басқа мәселе.

Зубайр ибн Аууам (оған Алла разы болсын) жеткізген риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім қолына бір арқан алып, тауға шығып бір бума отын әкеліп, оны сатып және Алладан оның қайырын тілесе, беріп-бермеуі белгісіз қайыршылықтан аса қайырлы», – десе, басқа бір хадисте: «Шын мәнінде, байлығын арттыру үшін аз немесе көп қайыр сұраған адам, өзі үшін тілеп алған от шоғымен тең», – деген (Муслим).

Жоғарыда келтірілген хадистер бойынша, адал еңбекпен, маңдай термен тапқан малдан асқан қайыр мен береке жоқ екенін түсінеміз. Ал он екі мүшесі сау немесе басқалардан бір нәрсе дәметіп сұрауды әдетке айналдырған, яки болмаса жағдайы бола тұра пайда көздеп, тілену – адамды кедейліктен құтқармайды. Керісінше бұл адамның өзіне жасаған зұлымдығы екенін аңғарамыз. Демек тұрмысы төмен, бірақ еңбек етуге қабілетті адамдар мүмкіндігінше «осы кірпіш дүниенің кетігін тауып, қалануы» тиіс. Бұрыннан айтылып жүрген «Балық берме, қармақ бер» деген тәмсілдің қалпына салсақ, масылдық сананың қалыптасуының алдын алып, адамдарды еңбекқорлыққа тәрбиелей аламыз.

Бүгінде экономиканың қарқынды дамуына қарамастан, қоғамның түйткілді мәселесіне айналған кедейлік әлі де жоғары деңгейде. Мешіттер мен қайырымдылық қорларынан әлеуметтік жағдайларының төмен екенін және түрлі қиындықтарын алға тарта отырып көмек сұрап келетін мұқтаж отбасылардың қатары азаймауда. Осы ретте әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жесірлерге, мүгедек балаларға, туыстарының қамқорлығындағы жетімдерге рухани және материалдық көмек көрсету мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған «Зекет және қайырымдылық» қоры 2012 жылдың мамыр айынан өз жұмысын бастаған болатын.

Аталған қайырымдылық іс-шаралары түрлі бағыттағы көптеген жобалар аясында республика бойынша барлық өңірде іске асуда. Ең ауқымды жобаның бірі – «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында аса мұқтаж отбасыларды баспанамен қамту бойынша қайырымдылық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін аталған жоба бойынша елімізде 756 мұқтаж отбасыға баспана кілті табысталды. «Тайқазан», «Қолдан-қолға», «Киім-кешекпен көмек» т.б. жобалар аясында Қазақстанның барлық өңіріндегі аз қамтылған отбасыларға қаржылай көмек, азық-түлік және киім-кешек жеткізіліп, үлестіріледі.

Әрине, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қажетті материалдық көмекпен қамтамасыз ету – мұңын сейілтіп, қажетін мүмкіндігінше қанағаттандыруға үлкен септігін тигізгенімен, негізгі мәселені шеше алмайтыны ақиқат. Сол себепті мұқтаж жандардың қоғамда еңсесін көтеріп, аяққа тік тұрып нәпақа табуы үшін кәсіпке баулу немесе жұмыспен қамту мақсатында «Зекет және қайырымдылық» қоры тың жобаларды қолға алған болатын. Атап айтқанда, ауқымды жобалардың бірі «ZEKET HUB» қайырымдылық орталығы құрылды.

Орталық негізгі 2 бағытты қамтиды. Алғашқысы – мұқтаж отбасыларды тұрақты түрде қайырымдылықпен қамтамасыз ету және кәсіпке баулу. Сонымен қатар орталықта тұрмысы төмен отбасынан шыққан жандарға нарықтағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту курстары жүргізіледі. Мамандықтар үш бағытты қамтиды.

Атап айтқанда, кәсіпкерлік мектебінде – дәнекерлеуші, жиhаз құрастырушы, SММ, мобилография, кілт жасау, ЛФК жаттықтырушылары; бизнес мектебінде – жобалау менеджері, өнім менеджері; этно кәсіпкерлікте – астау жасау, ұлттық киім, көрпе тігу сынды мамандықтардың қыр-сыры үйретіледі. Сондай-ақ тіл курстары да жұмыс істеуде.

«ZEKET HUB» орталығында тігін шеберханасы, жиһаз шығару, металл дәнекерлеуші және кілт жасау бағытындағы оқу-жаттығу цехтары ашылды. Жаңа мамандықтарды игеріп, жұмысқа орналасып, өмірден өз орнын табуға ниетті мұқтаж жандарға қажетті жағдай жасау мақсатында аталған қысқа мерзімді оқыту курстары арнайы уақыттарда ұйымдастырылып келеді. Оқу курстарын аяқтағаннан кейін сертификаттар табысталып, сәйкесінше жұмыс орындарына жолдама беріледі. Қазіргі уақытта «ZEKET HUB» қайырымдылық орталығы Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Қызылорда, Алматы және Ақмола облыстарында жұмыс жасауда. 

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда Алла Тағалаға ұнамды әрі қайырлы», – деген (Мүслим). Қазіргі уақытта нарықта сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру арқылы шаруасын дөңгелетіп, қоғамға пайдалы әрі сауапты істерімен көпшілікке еңбекқорлықтың үлгісін көрсететін бай мұсылмандар қатарын толықтырудың маңызы зор. Осы орайда мүгедектігі бар мұқтаж жандардың аяққа тұрып, белгілі бір саланың маманы болып қалыптасуына жағдай жасау – қордың алға қойған мақсатының бірі. Бүгінде қорға қарасты оқужаттығу цехтарында білімін жетілдіріп, еңбекке араласқан жандар қатары күн өткен сайын көбейіп келеді.

Еңбекке толықтай қабілетті жандармен қатар мүгедектігі бар азаматтар да назардан тыс қалмайды. Мейілінше өзгелермен тең дәрежеде өмір сүруі үшін қор оларды қабілетіне қарай кәсіпке баулуда. Осы ретте «ZEKET HUB» қайырымдылық орталығында есту және сөйлеу қабілеті нашар жандарға арналған «Ерекше кәсіп» жобасы бойынша кілт жасау курстары өткізілді. Алдағы уақытта да мылқау жандарға кілт жасау бойынша сабақтар жүйелі түрде жүргізіледі. Ендігі кезекте биыл Алматы облысында зағип жандарға арналған оқу орталығын ашу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда ғылым мен білімде, экономикада, өнерде артта қалмас үшін мұсылман қауымы шет тілін жақсы меңгеруі қажет. Өйткені қазіргі дамыған елдер де кезінде күллі әлемге білім шашқан мұсылмандардың тілін үйрену арқылы дамып-өркендегені ақиқат. Жаhандану заманында халықаралық тіл ретінде қолданылатын ағылшын тілін меңгерген мамандарға сұраныс өте жоғары. Осы ретте ынтасы бар, бірақ білімін шыңдауға жағдайы келмейтін балаларға арнап ағылшын тілін үйрету курстары ұйымдастырылды. Еліміздің шалғай аудан мен ауылдарындағы тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 10-нан аса балаға ағылшын тілі пәні бойынша сабақтар онлайн түрде жүргізілуде.

Ал «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында емдік денешынықтыру (ЛФК) мамандарын даярлау курсы да жұмыс істеуде. Нәтижесінде өңірлердегі 10-ға жуық емдік денешынықтыру (ЛФК) инструкторлары аталған курста оқып, біліктілігін арттырды.

«Зекет және қайырымдылық» қорының халық игілігі үшін ұзақ мерзімге арналған тиімді жобалары да баршылық. Соның бірі ретінде әлеуметтік аз қамтылған мұқтаж отбасыларды қолдау мақсатында мақсатында «QAZ-QATAR» құрастырылмалы тауық фермалар жобасын іске қосты. Жалпы құс фермаларын дамыту – халықты ет және жұмыртқамен қамтамасыз ету арқылы әлеуметтік жағдайын мүмкіндігінше жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ фермалар санын көбейту арқылы жұмыссыз жүрген азаматтарды кәсіпке баулу маңызды. Бүгінде мыңға жуық тауығы бар құрастырылмалы тауық фермалары Түркістан облысында табысты жұмыс жасауда.

Бүгінде белгілі бір кәсіп меңгеріп, оны одан әрі дамыту аса маңызды. Сондықтан білімін, кәсіби білігін шыңдауға мүмкіндігі жоқ, нәпақасын табу жолында шарқ ұрып, шарасыздықтан қайыр сұрауға мәжбүр болып жүрген азаматтарға балықпен қатар қармақты да ұстату – қордың алға қойған үлкен мақсатының бірі. Жоғарыда аталған жобалардың мақсаты – әлеуметтік әлсіз топтардың күнкөрісін мейлінше жақсартып, жарқын болашаққа деген сенімін қалыптастыру. Тірліктің көзін таба алмай, еңсесі түскен жандарға үміт сыйлау арқылы нағыз азамат, қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіру.

Мақсатбек ҚАЙЫРҒАЛИЕВ,

«Зекет және қайырымдылық» қорының директоры

«Иман» журналы, №7, 2024 жыл