БАС ИМАМ АТЫРАУЛЫҚ СТУДЕНТТЕРГЕ ДАСТАРХАН ЖАЙЫП, НАСИХАТ АЙТТЫ

Атырау облысының бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы Алматы қаласына сапары барысында Нұр -Мүбарак ЕИМУ да білім алып жатқан атыраулық студенттерге дастархан жайып, насихат айтты.

Алланың қалауымен, асыл дініміздің ілімін үйреніп жатқан сіздермен бүгінгі кездесуіміз рухани мәні терең, тағылымы мол кездесу деп білемін.

Сіздер – Нұр-Мүбарак сынды еліміздің рухани тірегіне айналған ордада білім алып жатқан ардақты шәкірттерсіздер. Бұл – екі дүниелік жауапкершілікті арқалау деген сөз. Себебі дін қызметі – жай ғана мамандық емес, бұл – аманат. Ал аманатқа адал болу – әрдайым ізденуді, тақуалықты, сабыр мен көркем мінезді талап етеді.

Бүгін алған ілімдеріңіз – ертең ел ішіндегі алауыздықты тоқтатар, жастардың жат ағымға кетуінің алдын алар, қоғамды бірлікке, ізгілікке бастар рухани күшке айналуы тиіс. Ол үшін тек біліммен шектелмей, оны амалмен, көркем мінезбен дәлелдей білу керек.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгеге үйреткендерің» деген. Бұл хадис – сіздердің өмірлік бағдарларыңыз болуы тиіс.

Алдағы уақытта әрқайсысыңыз мешітте имам, мектепте ұстаз, ел ішінде ақылшы болар күн алыс емес. Сол жолда ниеттеріңіз таза, жүректеріңіз нұрлы, сөздеріңіз салмақты, істеріңіз ізгі болғай.

Алла Тағаладан әрқайсыңызға білімдеріңізге тереңдік, жүректеріңізге нұр, қызметтеріңізге береке беруін тілеймін. Еліміздің рухани дамуына, бірлік пен бейбітшіліктің нығаюына үлес қосатын үлкен тұлғалар болуларыңызға шын жүректен тілектеспін,- деп ізгі тілегін жеткізді бас имам.

Жиын барысында белсенді студенттер марапатталып, шәкіртақы табысталды.

Еске сала кетсек Нұр-Мүбарак университетінде атыраулық 91 шәкірт білім алуда