Бас имам Болатбек Ұласқанұлы атыраулық қари-шәкірттермен кездесті (+ ФОТО)

Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы “Иманғали” орталық мешітіне қарасты Құран жаттау және діни сауат ашу орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, білім алушы шәкірттермен кездесті.

«Аллаға шүкір, мешіттеріміздің жанынан сауат ашу орталықтары ашылып, шариғи ілім үйреніп, құран жаттаймын деген ізденушілер үшін көп мүмкіндіктер берілуде. Осы орталықта алғашқы 8 қари шыққанын естіп қуанып жатырмыз. Алла зейіндеріңізді ашсын.

Қасиетті Рамазан айында қала және аудандағы мешіттерімізге хатым түсіруге өздеріңізді жіберетін боламыз. Сол себепті Құранды пысықтай беріңіздер» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы.

Сондай ақ, Бас имам «Дін мен дәстүр» бағыты аясында ұйымдастырылған шәкірттер арасында бата беру сайысының жеңімпаздарын марапаттады.

Сайыс қорытындысы бойынша:
1- орын Манат Ибрахим, Жомартбек Жанарыс
2-орын Алибеков Мирасбек, Шадыманов Мұратбек
3-орын Гайнеденов Ахметке бұйырды. Жеңімпаздарға қаржылай жүлделер табысталды.

Еске сала кетсек, Атырау облыстық “Иманғали” мешіті жанындағы Құран жаттау және діни сауат ашу орталығын 2021 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы ашқан болатын. Қазіргі таңда орталықта 40 шәкірт білім алуда.