БАС ИМАМ ҚАЛА МЕШІТТЕРІНІҢ ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Өңірдің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы қала орталығынан шетте орналасқан мешіттерге ат басын бұрды. Қызылбалық ауылдық округіне қарасты Бақтыгерей молла мешітіне барып, салынып жатқан қарилар даярлау орталығының жұмыс барысын біліп қайтты. Орталықта 100 шәкірт білім алатындай мүмкіншілік жасалуда. Мешіт имамы Асылбек Тілепбергенұлы мешіттің тарихынан сыр шертетін “Сөнбеген сәуле” атты еңбек жазылып шыққанын атап өтсе, Болатбек Ұласқанұлы руханят саласында діни ілімдермен сусындағысы келетін жастар үшін өткен тарихты білу маңызды екенін жеткізді.

Сондай-ақ бас имам Тасқала ауылдық округіне қарасты Мәуімберген мешітіне барып, Алла үйінің тынысымен танысты. Мешіт имамы Мақсот Бағытжанов аядай ауылдағы құтханаға келуші жамағаттың көп екенін, мешіттің жөндеуден өткенін айтып өтті.

Ал Еркінқала ауылында орналасқан Қайтпай Сұлтан мешіті сыйымдылығы тұрғысынан көлемді мешіттердің бірі. Өңірдің бас имамы аталған мешіттердегі сауаттылық бағытындағы жұмыстарды жандандыру, жамағаттың ауызбіршілігі, ішкі тәртіпке көңіл бөлу қажеттігін айтты. Сондай-ақ діни басқарманың дін мен дәстүр аясындағы жобаларын бірлесіп атқару маңызды екенін еске салды.