Жылыой ауданына жұмыс сапары аясында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Қосшағыл ауылына барып, ондағы жұртшылықпен жүздесті.
Жергілікті ауыл әкімдігінің ғимаратында ақсақалдармен жүздескен Бас имам өңірдегі діни ахуал, дін мен ділді, ұлттық тәрбиені, береке – бірлікті дәріптеудегі аға буынның ролі туралы айтты.
«Мешіт – ортақ құндылық. Ислам да солай. Оны дәріптеу дін қызметкерлерінің ғана міндеті емес. Бұл тұтас қоғамның міндеті. Рухани қуатты, дініне берік, білімді ұлттың болашағы қашан да жарқын» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Сапар аясында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Қосшағыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясына арнайы барып, ондағы ұжымға оттегі концентраторын және пульсоксиметрлер табыс етті.
«Бүгінгідей пандемия жағдайында мұндай аппараттардың маңызы зор. Біз әр адамның өмірі үшін соңына дейін күресуге дайынбыз» дейді дәрігерлер.
Шалғай ауылға сапар барысында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қосшағылдық он отбасына қаржылай көмек табыс етті.
«Қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен мұқтаж отбасылар қамтамасыз етілді. Мүфтият бекіткен бұл бағыттағы шаралар жалғасын табады» дейді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Бас имамның Жылыой ауданына сапары жалғасуда.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.