Құран – қастерлі кітап

Алла Тағаланың адам баласына қасиетті Құран Кәрімді түсіруі – өз пенделеріне көрсеткен шексіз мейірімі.

Құран Кәрім – мұсылман баласының тура жолдан таймай, өмір бағытын дұрыс тауып жүруіне арналған басшы кітап. Құран Кәрім – сіз бен бізді жаратқан, бүкіл ғаламдардың иесі, ақырғы есеп-қисап күнінің жалғыз қожайыны Алла Тағаланың сөзі.

Құран – тілмен оқылатын, жүрекпен қабылданатын, құлақпен тыңдалатын кітап. Онымен байланыста болу – ең абзал ғибадаттардың бірі әрі Аллаға жақындаудың бір жолы. Бұл кітаптың әрбір әрпінде он жақсылық бар. Жай оқығанның да, мағыналарына ой жүгіртіп оқығанның да бұл жақсылықтардан несібелері болмақ. Алла Тағала Құран мазмұнына бүкіл ғылым атаулының негіздерін сыйғызды. Онда үкімдер, шариғат талаптары, мысалдар, өнегелер, аспан әлемінің жүйесі тағы басқа көптеген мәселелер керемет дәлдікпен берілген.

Қасиетті Құран жайлы сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Құран сондай бір кітап – оның  ішінде сендерге дейінгі уақиғалар, сендерден кейінгі хабарлар және араларыңда шығарылатын үкімдер бар. Ол – ешбір әзілі жоқ төреші кітап. Оны менсінбей тәрк еткендерді Алла құрдымға батырады, ал одан басқадан тура жол іздегендерді  адастырады.

Өйткені, ол – Алланың мықты арқаны һәм хикметке толы сөзі, әрі ол – тура жол. Онымен жүргендер адаспайды, оны арқау еткен тілдер шатаспайды. Ғалымдар оны қанша оқыса да, әсте тоймайды. Көп оқылғаннан ол ескірмейді,  ғажайыптары сарқылмайды. Жындар оны естігенде, «Шындығында, біз  аса ғажап Құран естідік» деп  таңданыстарын жасыра алмады. Кім оған сүйеніп сөйлесе, туралық айтады, онымен үкім етсе, әділ болады, оны ұстанып өмір сүрсе, мол сауапқа кенеледі, оған шақырған тура жол табады».

Алла Тағала Құран Кәрім туралы былай деді: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) егер бұл Құранды бір тауға түсіргенімізде, оның Алладан үрейленіп бытшыт болғанын көрер едің. Ал, мұндай мысалдарды адам баласы ойлансын деп келтіреміз» («Хашыр» сүресі, 20-21 аяттар).

Міне, Құран осыншалықты зілбатпан жүк һәм салмағы ауыр аманат. Аталмыш аят бізге маңайымыздан күнде көріп жүрген асқар-асқар тауларды адам жүрегімен салыстыруға да мүмкіндік береді. Енді ойланып көрейікші, тастан жаралған қатпарлы қалың тау көтере алмас батпан салмақ адам баласының жұдырықтай жүрегіне тапсырылып отыр. Алғаш рет бұл жүкті Алланың сүйіктісі, ғаламдардың мақтанышы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабылдап алып еді. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахи түскенде, оның түр-тұлғасының қатты құбылуы да екі дүниенің арасына көпір болудың рухани ауыртпашылығынан болса керек.

Сахабалардың білдіруінше, уахи түсіп жатқан сәтте Алла елшісінің (с.ғ.с.) ажары қатты өзгеріп, жаны мен тәні ерекше сипат алған. Уахидың түсірілуі мен оны қабылдаудың негізгі ақиқаты бізге белгісіз. Оны толық сипаттауға мұршамыз жетпесі хақ. Алайда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) уахи түсіп жатқанда: «Раббым, мына аятты тағы бір қайталай гөр!» деп тілемеген.

Керісінше, Құран уахи етілген сәтте оны ұмытып қалмау үшін тездетіп қайта-қайта оқуға тырысқан. Сол сәттердің бірінде Рахман Иеміз: «(Уа, Расулым!) Құран түскенде тезірек жаттауға асығып тіліңді қозғалтпа. Шын мәнінде, уахиды сенің жүрегіңде жинау және оны оқыту Бізге тән ісАл оны Біз оқығанда, оның оқылуына ілес» деген аят түсірді («Қиямет» сүресі, 16-18 аяттар). Олай болса, уахидың негізгі сырын тек бір Алла біледі.

Бірақ әрбір мұсылман жүрегі осынау қасиетті кітапты орнықтыруға лайық етіп жаратылған. Өйткені Алла Тағала ешкімге көтере алмайтын жүк артпайды. Құранда айтылғандай: «Әркімге шамасы келетін міндет қана жүктеледі» («Бақара» сүресі, 233-аят). Бірақ Құранға өзге кітаптардан парқы жоқ жай бір кітап деп жеңіл қарауға болмайды.

Мұхаммед Иқбал былай дейді: «Жастау кезімде әрбір таңда намаздан кейін екі сағат Құран оқитынмын. Әкем не істеп отырғанымды көрсе де, әр күні келіп: «Балам, не істеп отырсың?» деп сұрайтын. Ал мен қолымдағы Алланың кәламын көрсетіп: «Құран оқып отырмын,» – деп жауап қайыратынмын. Сөйтіп екі жыл ішінде сан рет қолымдағы қасиетті кітапты көріп тұрып, немен айналысып отырғанымды сұрап жүрді. Бір күні әдеттегідей сол сұрақты тағы қойды. Мен: «Әкетай, Құран оқып отырғанымды көріп отырсыз ғой. Неге сұрадыңыз, әлде бір нәрсе түсіндіргіңіз келе ме?», – дедім. Әкем былай деді: «Ия, балам, қолыңда Құран бар, оны білемін. Бірақ мен оған жай қарағаныңды емес, шынайы оқығаныңды қалаймын. Балапаным, Құранды ол саған сөйлеп тұрғандай сезіп оқысаң, одан керегіңді алып оқысаң, шын мәнінде оқыған боласың және одан пайдаланған боласың»

Адамзат баласының ең ардақты тұлғасы Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген хадистері осыған шақырады. Мәселен, бір хадисте былай делінеді: «Кімде кім Құраннан бір әріп оқыса, оған бір жақсылық жазылады, ал әр бір жақсы амал үшін он сауаб жазылады, мен “Алиф, Ләм, Мимді” бір әріп деп айтпаймын, жоқ, “Алиф” бір әріп, “Ләм” бір әріп және “Мим” бір әріп». (ат-Тирмизи ). Міне, Құранды көп оқушылар осындай сүйіншілеріне асыға берсін.

Бұл Құранды оқушылар үшін. Ал оны оқи алмайтындар не істейді? Өздері оқуды үйреніп алғанша, өзгелердің оқуын тыңдайды. Әсіресе, үстіміздегі ғылым мен техниканың ғасырында небір қаз дауысты қарилардың Құран оқығанын үнтаспаға жазып алып тыңдауға мүмкіндік көп. Сөйтіп оны тыңдау арқылы құлшылық жасауға, Жаратушымыздың рақымына бөленуге болады. Бұл туралы да Қасиетті Құранда былай делінеді: «Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдандар да үңдемендер. Осылайша рақымға бөленерсіңдер» («Ағраф» сүресі, 204-аят).

Ия, Құранды тыңдаудың өзі – мұсылман баласы үшін Алланың рақымына қол жеткізудің бір жолы. Иә, Құранның мұсылман баласына берер пайдасын санап тауысу мүмкін емес. Алла елшісінің хадистерінің бірінде: «Егер адамдар Алланың үйлерінің бірінде жиналып Құран оқып, оны өзара талқылайтын болса, оларға міндетті түрде жан тыныштығы түседі және оларды рахымшылық бүркеп, періштелер қоршауына алады.  Алла оларды Өзінің құзырындағылар жанында  еске алады», – дейді (Муслим).

Мұнда «Оқыса, өзара талқыласа» делінген. Демек, Құранды өзара талқылау – маңызды іс және мұсылмандарға қойылып отырған талаптардың бірі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі де одан шет қалмаған. Жыл сайын Рамазан айында Жәбрейіл періште түсіп, екеуі Құранды сабақ қылып қайталайтын. Көктің  аманатын арқалаушысы мен жердегі ең сенімді аманат иесі Құран Кәрімді бірге оқитын.

Тақырыбымызды Хафыз Мүнәуиден жеткен бір оқиғамен аяқтағалы отырмыз: «Бір жас жігіт Құранды толық жаттауға кірісіп жүрген шағында түн ұйқысын қиып, оны толық оқып шығатын болады. Ертесіне әбден шаршаған, талған күйде ұстазына келеді. Ұстазы істің мән-жайын дәрістегі басқа оқушылардан сұрайды. Олар: «Ұстаз, бұл шәкіртіңіз, әр түнде таңға дейін көз ілмей, Құранды толық оқып шығады», – дейді. Сонда ұстазы Құран Кәрімді бұлай оқуды қаламайтынын білдірейін деп әлгі шәкіртіне: «Шырағым, балам, Құран қалай түскен болса, солай оқылуы керек. Енді сен Құранды бұған дейін оқып жүргенің сияқты емес, мені қарсы алдыңда отырғандай сезініп, оны маған емтихан етіп өткізіп жатқандай оқы», – дейді. Шәкірт барып Құранды ұстазы айтқандай етіп оқып, таң ертең алдына келеді.

Келіп: «Ұстаз, бүгін Құранның тек жарымын ғана оқи алдым,» – деп жағдайын айтады. «Жақсы, енді бүгін Қасиетті Құранды Алланың елшісінің алдында тұрғандай сезініп оқы,» – деп кеңес береді. Оқушы бұл түні  «Құран түскен адамның көзінше оқып тұрмын, дұрыстап оқуым керек» деп бұрынғыдан да қатты уайымдап, әрбір әріпті өз тәртібімен оқиды.  Ертесіне ұстазына келіп тек төрттен бірін ғана оқи алғанын айтып мұңаяды.

Сонда мұғалімі: «Ал енді оны Жәбірейіл періштенің Алла елшісіне (с.ғ.с.) түсіріп жатқанда оқығанындай етіп оқы,» – деп сынды одан да күшейте түседі. Шәкірт келесі күні: «Уаллаһи, ұстазым, бүгін тек бір-ақ сүре оқи алдым, » деп келеді. Ең ақырында ұстазы: «Енді балам, бұл Құранды бүкіл ғаламдардың иесі Аллаһ Тағаланың алдында тұрғандай оқы. Алла Тағала сенің оқып жатқаныңды тыңдап тұрғанын ойла,» – дейді.

Бала ертеңіне жылап тұрып: «Уа, ұстазым, Әлхамдулилләһи раббиль аламин. Аррахманир рахиим. Мәәлики йаумиддин дедім, алайда «Ийәкә нәғбуду» дегенді айта алмадым. Айтар едім-ау, бірақ мен қазір қаншама көп нәрсенің соңына түсіп кеткенмін. Енді Алла Тағаланың дәл қасында тұрғанын шынайы сезінгенімде, ол аятты айтуға арым жібермеді» – деген еді.  Мінеки, Құранды сезіне оқудың бір үлгісі осы болса керек.

М. АЛИМОВ,

«Дина» ЖШС намазхана молдасы.