БАС ИМАМ ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫНДА ЖҰМА УАҒЫЗЫН ЖҮРГІЗДІ

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Жылыой ауданына сапармен барды. Сапар барысында Жылыой мұсылмандары орталық мешітінде жұма уағызын жүргізді.

“Тазалық- иманның жартысы” тақырыбында өрбіген жұма уағызында бас имам: дін мен дәстүрді қатар сақтаған еліміз қай жағынан алып қарасақ та тазалық ұғымын ешуақытта ұмытпаған. Әрдайым «Тазалық – иманның жартысы», – деп дәріптеп, жанның да, тәннің де, айналаның да тазалығын қатар алып жүрген. Дана халқымыз тазалыққа аса мән берген. Бабаларымыз көшпенді өмір сүрсе де, өмір сүру әдеттерінде тазалық басты орында тұрған. Ұлтымыздың ұстазы Ыбырай Алтынсарин:
Сабаз болсаң жердей бол,
Жер бәрін шыдап көтереді,
Таза болсаң судай бол,
Су бәрін жуып кетіреді, – деп тазалықтың маңыздылығын жырына қосқан.
Тазалық – адамның әдебі, мәдениеті, рухани кемелдігінің көрсеткіші. Сондықтан да мұсылман адам ішкі жан-дүниесін, тәнін, киімін, жейтін асы мен қоршаған ортасын таза ұстауға аса мән беруі қажет,-деп жамағатқа тазалықтың маңыздылығын жеткізді.