Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Жылыой орталық мешітінде өткен қайырымдылық шарасына қатысты. Игі іс-шара барысында әлеуметтік жағдайы төмен 50 отбасыға күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік себеттері үлестірілді.
Қайырымдылық шарасы мешіт жамағаты мен жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен ұйымдастырылды. Бас имам өз сөзінде:
«Қайырымдылық – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан игі дәстүрі. Ислам да мұқтажға көмектесуді, ізгілік жасауды үлкен сауапты амал ретінде бағалайды. Мұндай шаралар қоғамда мейірім мен бауырмалдықты нығайтады», – деді.
Игі іске белсене атсалысқан еріктілер мен демеушілерге алғыс айтылып, мұқтаж жандар өз ризашылықтарын білдірді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да қайырымдылық шаралары тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.




