Бас мүфти ас-Сығанақи атындағы ислам институтының тәлімгерлерімен кездесті

Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институтының тәлімгерлерімен кездесті.

Бас мүфти білім жолындағы дін қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, игі тілегін білдірді.

«Ғылым жолына түскен жанға қажет қасиеттің бірі –табандылық пен тұрақтылық. Сіздер Алла қаласа осы институттың алғашқы түлектері боласыздар. Қазір Аллаға шүкір шетелге барып діни білім алуға ешқандай қажеттілік жоқ. Керісінше Түркия, Мысыр елдерінен әлемге танымал ғалымдар алдарыңызға келіп, терең білім беруде. Алла Тағала баршамызға қайырлы білім алып, халқымызға қызмет етуде табандылық пен тұрақтылық нәсіп еткей» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, «Хусамуддин ас-Сығанақи» атындағы ислам институты» Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтау және дамыту, конфессияаралық және ұлтаралық қатынастарды бейбітшілік пен келісімді нығайту негізінде 2022 жылы тамыз айында ашылды.

Оқу ордасын ашудағы мақсат – имамдарға терең білім беру, классикалық еңбектерді оқыту, араб тілін жетік меңгеруіне ықпал ету, діни мәселелерді түсіндіру қабілетін ашу. Сондай-ақ діни білім іздеп шетелге кететін жастардың өз елімізде білімін жетілдіруіне мүмкіндік жасау.

Сонымен қатар жас қариларды жігерлендіру мақсатында институт жанынан «Ижаза» орталығы ашылған.