Бүгін аймақ басшысы Серік Шәпкенов Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуде өңірдегі діни ахуал, ақпараттық- насихат жұмыстары, дін қызметкерлерінің білімін жетілдіру жайы сөз болды.
Наурызбай қажы Тағанұлы өңірде діни тұрақтылықтың сақталуына қолдау көрсетіп жүрген аймақ басшысына алғысын білдірді.
– Атырау облысында 44 мешіт бар. Бүгін Ракуш ауылында 1000 орындық жаңа мешітті аштық. Өте сапалы салынған екен. Сонымен қатар 45-мешіттің іргетасын қаладық. Мешітті салушылар құрылысты тезірек аяқтауға тырысамыз деп отыр.
Облыста 111 мешіт қызметкері, оның ішінде 13-і Бас имам, 53-і наиб-имам. Олардың 40%-ы – жоғары білімді мамандар. Қызметкерлердің білімін жетілдіруге облыстық әкімдік үнемі қолдау көрсетіп отырады. Алдағы уақытта да қолдау үзілмесе екен. Осы тұста бірігіп жұмыс істесек деген тілек бар,-деді Н.Тағанұлы.
Кездесуде барысында қос тарап алдағы уақытта жобаларды бірге жүзеге асырып, діни ағарту шараларын бірлесе жүргізуге келісті.