АТЫРАУДА ИМАМДАРДЫҢ БІЛІМІН ЖЕТІЛДІРУГЕ АРНАЛҒАН ҮШ КҮНДІК КУРС БАСТАЛДЫ

Атырау қаласында имамдардың кәсіби білімі мен діни сауаттылығын арттыруға бағытталған үш күндік оқу курсы басталды. Курс барысында дін қызметкерлерінің білімін жетілдіру, діни мәселелерді дұрыс түсіндіру және қоғамдағы өзекті діни мәселелерге жауап беру бағытында бірқатар маңызды тақырыптар қамтылуда.

Курстың алғашқы күнінде Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы сөз сөйлеп, мұндай оқытудың дін қызметкерлері үшін маңыздылығына тоқталды.

«Бүгінгі таңда имамның білімі мен біліктілігіне қойылатын талап жоғары. Дін қызметкері халыққа діни білім берумен қатар, қоғамда болып жатқан түрлі үдерістерге дұрыс бағыт-бағдар бере алуы қажет. Сондықтан мұндай білім жетілдіру курстары – имамдардың кәсіби деңгейін арттырып, діни мәселелерді тереңірек меңгеруіне мүмкіндік беретін маңызды алаң. Үнемі ізденіп, білімін толықтырып отыру – әрбір дін қызметкерінің басты міндеттерінің бірі. Алған білімімізді мешіт жамағатына, жастарға және жалпы қоғамға дұрыс жеткізуіміз керек», – деді Болатбек Ұласқанұлы.

Сондай-ақ жиынға Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаев қатысып, өңірдегі діни ахуал мен дін қызметкерлерінің қоғамдағы рөліне тоқталды. Ол әсіресе жат ағымдардың алдын алу, жастар арасында дұрыс діни түсінік қалыптастыру және дін қызметкерлерінің профилактикалық жұмыстарын жүйелі жүргізудің маңызын атап өтті.

«Дін қызметкерінің негізгі міндеттерінің бірі – халыққа дұрыс діни түсінік қалыптастыру және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға өз үлесін қосу. Әсіресе жастар арасында теріс діни ағымдардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет. Бұл ретте имамдардың халықпен тікелей байланыста болуы, жастармен ашық әрі мазмұнды кездесулер өткізуі маңызды. Жат ағымдардың алдын алу тек ақпараттық жұмыстармен шектелмеуі керек. Оның негізінде сапалы діни білім, дұрыс түсіндіру және жеке профилактикалық жұмыстар тұруы қажет. Дін қызметкерлері мен мемлекеттік мекемелердің өзара байланысы осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуына ықпал етеді», – деді Қаһарман Мұсаев.

Үш күнге жоспарланған курс аясында имамдардың діни білімін жетілдірумен қатар, қазіргі қоғамдағы діни мәселелер, жастармен жұмыс, жат ағымдардың алдын алу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру мәселелері талқыланады.

Сонымен қатар, алдағы күндері имамдардың Құран ілімдерін меңгеріп, оны пысықтау жұмыстары да жалғасын табады. Бұл бағыттағы сабақтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) тарапынан бекітілген арнайы жоспар негізінде жүргізілуде. Құран курсын Атырау қаласындағы Иманғали орталық мешітінің ұстазы Еркебұлан Жақсылықов өткізуде. Аталған курсқа аудан және қала бас имамдары қатысып, Құран ілімін тереңдету бағытында білімдерін жетілдіруде.