Қай кезеңде де қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуы өзара сабақтас көптеген факторларға байланысты қалыптасады. Өркениет жолын таңдаған әрбір мемлекет өзінің тарихи тәжірибесін, мәдени-әлеуметтік ерекшеліктерін, географиялық жағдайын, діни және саяси ұстанымдарын, экономикалық мүмкіндіктерін, сондай-ақ жаһандық үдерістердің ықпалын ескере отырып, қоғамды басқарудың өзіндік үлгісін қалыптастыруға ұмтылады. Бұл – мемлекеттің табиғи даму заңдылықтарының бірі.
Адамзат өркениетінің сан ғасырлық тарихында қоғамның үйлесімді дамуы, әділеттілік, ізгілік, парасат және мемлекеттік басқару мәселелері талай ойшылдың еңбегіне арқау болды. Платонның «Мемлекеті», Аристотельдің «Саясаты», әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», Конфуцийдің «Әңгімелері мен пайымдары», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі», Томас Мордың «Утопиясы», Монтескьенің «Заңдардың рухы туралы» еңбектері – қоғамның кемелденуі мен мемлекетті басқарудың мәнін пайымдауға бағытталған іргелі туындылар.
Әр дәуірде өмір сүрген бұл ойшылдардың көзқарастары әртүрлі болғанымен, олардың еңбектерін тоғыстыратын ортақ идея бар. Ол – қоғамның баянды дамуы адамның парасатына, әділеттілікке, ізгілікке және ортақ игілікке ұмтылуына тікелей байланысты деген тұжырым. Яғни өркениетті қоғам құру тек тиімді басқару жүйесін қалыптастырумен шектелмейді. Ол ең алдымен азаматтардың құқықты құрметтеуінен, жауапкершілікті сезінуінен және қоғамдық мүддені жеке мүддемен үйлестіре білуінен бастау алды.
Қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың өзара сыйластығы ең алдымен заңға деген құрметтен басталады. Мемлекетте әр адамның құқығы мен бостандығы қорғалып, сонымен бірге сол құқықтарды жүзеге асырудың заңмен белгіленген шектері болуы, құқықтық қоғамның негізгі белгілерінің бірі.
Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Қолданыстағы Конституцияда мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені бекітілген. Бұл заң азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың негізгі құқықтық іргетасын қалыптастырады.
Зайырлы мемлекет ұғымын дұрыс түсіну осы мәселеде ерекше маңызды. Зайырлылық, дінді жоққа шығару немесе азаматтың діни сеніміне шектеу қоюды білдірмейді. Керсінше зайырлы мемлекет әр адамның ар-ождан және діни сенім бостандығын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік басқару жүйесі мен діни бірлестіктердің қызметін заңнамада белгіленген тәртіппен реттейді.
Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгені нақты көрсетілген. Сонымен бірге діни бірлестіктер мен азаматтардың дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең екені белгіленген.Бұл қағида зайырлы қоғамның негізгі ұстанымдарының бірін айқындайды. Азаматтың діни ұстанымы оның құқықтары мен міндеттеріне әсер етпейді, әр адам дініне немесе наным-сеніміне қарамастан заң алдында тең дәрежеде қорғалады.
Азамат дінді ұстануы немесе ұстанбауы мүмкін. Белгілі бір діни көзқарасты таңдауы немесе ешқандай діни сенімді ұстанбауы да оның азаматтық құқықтарын өзгертпеуі тиіс. Ең бастысы, кез келген адамның өз құқықтарын жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес болуы қажет.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның негізгі мақсатының бірі, ар-ождан бостандығына құқықты қамтамасыз ету және діни қызмет пен діни бірлестіктер саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу. Заңның міндеттерінің қатарында діни нанымдарды мәжбүрлеп таңуға жол бермей, азаматтардың ар-ождан бостандығын іске асыруына тең жағдай жасау, конфессиялар арасындағы бейбітшілік пен келісімді нығайту және зайырлы мемлекеттік құрылысты сақтау көрсетілген.
Ақпарат кеңістігіндегі жауапкершілік
Бүгінде құқық пен жауапкершілік мәселесі интернет кеңістігінде де ерекше мәнге ие.Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы ақпарат бірнеше минут ішінде үлкен аудиторияға таралуда. Сондықтан әрбір азамат ақпаратты бөлісер алдында оның мазмұнына назар аударғаны жөн.Конституция сөз еркіндігіне және ақпаратты заңда тыйым салынбаған тәсілдермен алуға әрі таратуға кепілдік беруде. Сонымен бірге сөз және ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығына, қоғамдық тәртіпке зиян келтірмеуге тиіс. Конституцияда сондай-ақ конституциялық құрылысқа, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, әлеуметтік, ұлттық, этностық немесе діни алауыздықты насихаттауға және зорлық-зомбылыққа шақыруға жол бермейді. Сондықтан әлеуметтік желідегі кез келген ақпаратқа «жай ғана бөлісе салдым» деген көзқараспен қарамаған дұрыс.
Ақпаратты жарияламас немесе таратпас бұрын оның қайнар көзін тексеру, мазмұнын түсіну және заң талаптарына қайшы келмейтініне көз жеткізу – қазіргі азаматтың ақпараттық мәдениетінің маңызды бөлігі. Әсіресе діни мазмұндағы ақпараттарға қатысты заң талаптарын білу қажет.
Қорытынды
Зайырлы қоғам – адамның діни сеніміне немесе сенімсіздігіне қарамастан оның құқықтары заңмен қорғалатын, ал барлық азамат заң алдында тең болатын қоғам. Қазақстанның құқықтық жүйесінде бір жағынан ар-ождан бостандығы мен адамның құқықтары қорғалса, екінші жағынан осы құқықтарды жүзеге асыру кезінде Конституция мен заң талаптарын сақтау міндеті белгіленген. Бұл екі қағида бір-біріне қайшы емес. Керісінше, құқық пен жауапкершіліктің қатар жүруі қоғамдық тұрақтылықтың маңызды шарты.Сондықтан зайырлы қоғамдағы басты ұстанымдардың бірі – «өз құқығыңды біл, өзгенің құқығын құрметте және заң талаптарын сақта» деген қарапайым қағида. Құқықтық сауатты азамат заңды тек жауапкершіліктен қорқу үшін емес, өзінің құқықтары мен мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану үшін біледі. Ал заңды құрметтейтін, ақпаратты саралайтын және өзгенің құқықтарына құрметпен қарайтын қоғам – тұрақты әрі қауіпсіз қоғамның негізі.
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің
PhD докторанты,
«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы


