Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау қаласында әйел-қыздар арасында өткен Құран жарысының жеңімпаздарын арнайы құттықтап, марапаттады.
Марапаттау рәсімінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Құран оқылған, оған амал етілген үйде, жерде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар» деген. Сіздер үйлеріңізде көп Құран оқып, жақсылыққа себепші болыңыздар» деді.
Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орын (200 мың теңге) Гүлдерай Омароваға бұйырды. Перизат Еркінбай екінші (150 мың теңге), Озода Хусинова үшінші орынға (100 мың теңге) ие болды.
Қазылар алқасының шешімімен бірқатар үміткерлерге ынталандыру сыйлығы берілді. 10 мың теңге көлемінде қаржылай марапат алғандардың қатарында Диляра Есенгелдіқызы, Лана Маратова және Аяна Мырзаш бар.
Орталық «Иманғали» мешітінде өткен Құран жарысы екі шарттан тұрды. Бірінші турда билет суыру арқылы, Құранның 30-шы парасынан екі сүрені жатқа айту талап ретінде қойылды. Екінші турда үміткерлер тәжуид ережесі бойынша білімдерін сарапқа салды.
Комиссия құрамында қазылық еткен Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің ұстазы Нұргүл Жолдаспаева және Атырау қалалық Құспан молла мешітінің ұстазы Бибінұр Үрбісінова конкурстың жоғары деңгейде өткенін айтады.
Сайысқа барлығы 15 үміткер қатысты. Олардың ең кішісі – 10 жаста, ал егдесі – 40 жаста.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.