Барша мектеп оқушылары мен студенттерді, мұғалімдер мен білім саласының қызметкерлерін, соның ішінде «Нұр-Мүбарак» университетінің, медресе-колледждердің ұстаздары мен шәкірттерін 1 қыркүйек – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Болашақтың іргесін қалайтын шәкірттерге жаңа оқу жылында табыс пен береке тілеймін!
Білім алу үшін күш-жігер, талап-талпыныс қажет. Сонда ғана алған білімнің нәтижесі болады. Асыл дінімізде мұсылмандардың білім алуы – міндет.
Алла Тағала «Алақ» сүресінде: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол (Алла) адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең ардақты! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін үйретті», – дейді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да: «Білім алу мұсылман ер мен әйелге – парыз», – деп білім алудың діндегі орны ерекше екенін ескерткен.
Сондықтан біздің ғылым-білім үйреніп, білгенімізді басқаларға үйретуіміз – парыз. Себебі, хадистерден жеткендей, білімді жаю – Алла жолында жасалған үлкен садақа. Сонымен қатар білім – бақыттың кілті, жәннатқа жетелейтін үлкен нығмет. Білімді адамның бұ дүниеде де, о дүниеде де жүзі жарық.
Махмұд Қашғаридің: «Ұлым саған айтайын өсиетін дананың, Білімдіні таны да, соңынан ер, қарағым» десе, Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы: «Талаптан да білім мен өнер үйрен, Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл», – деген. Себебі ақылды асыл ететін – білім.
Ендеше, шәкірттеріміздің білім жолындағы қадамына нұр жаусын деп тілеймін! Жаратушы Иеміз олардың алған білімін кәдеге асырып, еліміз бен жеріміздің болашағы үшін қызмет етуін нәсіп етсін! Әмин!