Елордада өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2022 жылға арналған кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы діни оңалту бағыты бойынша кешенді жұмыстар атқарылатынын атап өтті.
«Деструктивті және радикалды діни ағымдардың таралуына идеологиялық тұрғыдан қарсы тұру жұмысын жүйелі түрде атқару – біздің басты назарымызда» деген ҚМДБ Төрағасы біз ұстанған діни жол атадан балаға мұра болып қалған мұсылмандық мектеп екеніне басты назар аударды.
Сондай-ақ Бас мүфти Діни басқарма насихат жұмыстарында әулие-хәкімдер мен ахун-ишандардың, би-шешендер мен ақын-жыраулардың және дін қайраткерлерінің ұлағатты сөздерін басшылыққа алатынын алға тартты.
«Ислам діні әлдебір ұлт пен нәсілге тиесілі емес. «Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан артықшылығы жоқ» деп хадисте айтылғандай, Алланың құзырындағы артықшылық діндарлықпен ғана өлшенеді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.