ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында жол бойында орналасқан құлшылық орындарына арнайы барды.
Облыстың бас имамы Қуаныш Жұмабайұлы Бас мүфтиге ең алдымен Сандықтау ауданындағы намазхананы көрсетті. Мұнда жолаушылардың тынығып алуына толық мүмкіндік қарастырылған.
Сондай-ақ, шағын құлшылық орны жылумен жабдықталған. Одан бөлек ҚМДБ Төрағасы Атбасар қаласы маңындағы құрылысы биыл аяқталатын жолаушыларға арналған кешенмен танысты. Мұнда ерлер және әйелдерге арналған дәретхана, 20 адамдық намаз залы, тынығу бөлмесі және жанынан асхана ашу жоспарланған.
Бас мүфти бастамасымен 2021 жылы еліміз бойынша жол бойында орналасқан мешіт, намазханалардан арнайы «Жолаушы бөлмесі» ашылған болатын.
Наурызбай қажы Тағанұлы жол бойында орналасқан құлшылық орындарының ең бастысы таза және жылы болуына баса назар аудару қажеттігін айрықша атап өтті.