Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Қадірлі қауым!
Сіздерді күллі мұсылман баласының ұлық мерекесі – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын, ардақты ағайын! Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға береке тілеймін. Алла Тағала бәріміздің мерейімізді үстем етсін!
Ораза айт – сый мен сияпатқа, құрмет пен нығметке, шексіз сауапқа бөленетін сәт. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза айт күні періштелер жер бетіне түседі де әр жолдың басында тұрып: «Уа, мұсылман қауымы, Раббыларыңа асығыңдар!
Сендер түнді намазбен, күндізді оразамен өткізуге бұйырылғанда амал етіп, Раббыларыңа бойсұнғандарың үшін Алла сендерді үлкен сауап пен толассыз нығметке бөлейді. Сол үшін өздеріңе тарту етілген сыйлықтарыңды алыңдар» деп дауыстайды.
Ал ораза айт намазын оқып болғаннан кейін бір періште адамдарға былай дейді: «Шүбәсіз жаратқан Раббыларың күнәларыңды кешті. Үйлеріңе Алланың жолынан адаспаған күйде оралыңдар! Расында бұл күн жер мен аспан әлемінде сый-сияпатқа кенелу күні деп аталады» деген.