amin.kz/ 11 маусым, 2020 жыл. Бүгін Павлодар облысына ресми сапармен барған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде қала, аудан имамдарымен кездесті.
Кездесу «Білім тұрған жерде иман тұрады» тақырыбында өтті. Бас мүфти білім – иманның, кішіпейілдіктің, көркем мінездің, мейірімділіктің сауыты екендігін айта келе барша қызметкеріне алғысын жеткізді.
Кереку имамдарына насихатын жеткізген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қадірлі бауырларым! Алла Тағала «Әли-Имран» сүресінің 110-аятында: «Сендер елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю үшін шығарылған қайырлы үмбетсіңдер», – дейді.
Елді жақсылыққа шақыратын бірден-бір исламдық бірлестік – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Дінге қызмет – Пайғамбар жолы. Бұл – ұлы миссия. Біз, дін қызметкерлері осы ұлы миссияны жалғастырушы тұлғалармыз. Ендігі мақсат, Пайғамбарымыз өсиет еткендей, осы жұмысымызды жақсы көріп, дінге, елге қызмет етуде тиянақтылық таныту. Әр ісімізді кәсіби түрде орындауға кірісейік. Ортақ мақсат ісінде жұмыла жұмыс істейік», – деп атап өтті.
Кездесу соңы сұрақ-жауапқа жалғасып, еркін сұхбатқа ұласты. Жүздесуден кейін елдің игілігі үшін дұға жасалды.