Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабиясы корольдігінің Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиамен кездесті.
Екіжақты кездесуде осы жылғы үлкен қажылық сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселелері сөз болды. Бас мүфти қажылық сапары кезінде отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызмет сапасын арттыру, төлем жасау жүйесін оңтайландыру т.б. мәселелерге баса назар аударды.
Сонымен қатар қажылық визасыз, яғни заңсыз жолмен құжат рәсімдеп, қажылық сапарын ұйымдастыратын туристік фирмалардың жұмысына қатаң түрде шектеу қою мәселесі талқыланды. Тараптар бұл мәселеге өзара ықпалдастық келісім негізінде ықпал етуге келісті.
«Аллаға шүкір, біздің елімізде қажылық парызын орындауға ниет білдірушілер саны жылдан жылға артып келеді. Біздің мақсат – қажылық сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыру. Қазақстан қажылық миссиясы осы бағытта нәтижелі жұмыс істеп келеді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Өз кезегінде САК Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа Бас мүфти бастаған делегация мүшелеріне игі тілегін жеткізіп, әрқашан екіжақты ынтымақтастықты арттыруға ниет білдірді.
Ресми кездесуден кейін Бас мүфти мен Қажылық және ұмра министрі 2024 жылғы үлкен қажылық сапарын ұйымдастыруға қатысты екіжақты келісім құжатына қол қойды.