amin.kz/22 наурыз, 2020 жыл Бас мүфти өз құттықтауында Наурыз мерекесінің рухани, тәрбиелік мәніне тоқталды.
«Баршаңызды жыл басы, күллі түркі жұртының дәстүрлі мерекесі – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымыз «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» айтып, бір-біріне ізгі тілегін білдіретін, барша адамзатты бауырмалдық пен татулыққа үндейтін осынау шуақты мерекеде әр отбасыға Алланың амандығы мен берекетін, бақыт пен бірлік, татулық пен бар жақсылықты тілеймін.
Наурыз – бағзы заманнан бері ұлт ретінде ерекше мән беріп келе жатқан ұлттық мерекеміз. Бұл күнде дуалы ауыз ақсақалдар дастархан басында бата беріп, ренжіскендер кешірім жолын ұстанып, татуласу сынды сауапты һәм салауатты шаралар біріне-бірі ұласып жатады. Алла Тағала қуанышты күндерімізді еселесін!
Біз – тарихымыздың сан қилы сындарлы сәтінде үмітсіздікке берілмей, бір Алладан медет тілеген халықпыз. Қиындықты сабырға жеңдірген адам Алланың разылығы мен рақымына ие болады.
Елімізде болып жатқан уақытша сынақты әуелі Алланың жәрдемімен, иманымыз бен бірлігіміздің арқасында жеңіп шығатынымызға көбірек үміт артайық.
Құрметті отандастар!
Наурыз мейрамы құтты болсын! Жаратушы Жаббар Иеміз баршаңыздың жанұяңызға жар болғай! Мерекеде айтылған бата-тілек, әрбір жақсы сөзіміз қабыл болсын.
Раббымыз еліміз бен жерімізді түрлі табиғи апат пен індеттен сақтасын. Халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп еткей.
Деніміз қуатты, әр күніміз шуақты болғай! Әмин!» делінген құттықтауда.