amin.kz/ 16 шілде, 2020 жыл. Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен онлайн мәжілісі өтті. Аталған жиынға наиб мүфти Ершат Оңғаров, аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы және бөлім басшылары мен облыс имамдары қатысты.
Бас мүфти алдымен күн тәртібінде тұрған 3 мәселеге тоқталды. Оның біріншісі, осы жылы құрбандық шалуды ұйымдастыру. Елдегі індетке байланысты Бас мүфти Орталық аппарат жиынында құрбандық шалу кезінде халыққа қолайлы жағдай жасап, орталықтандырылған онлайн сайтты іске қосуды тапсырды. Аталған сайт бірінші кезекте қазіргі пандемия жағдайын ескере отырып, тапсырыстарды онлайн қабылдауға басымдық бермек.
«Мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан айттың тиісті деңгейде өтуіне күш салуымыз керек. Дегенмен республика бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталмағандықтан, биылғы Құрбан шалудың жоспары анықталмай отыр. Соған қарамастан баламалы бағыттарды іздеуге тиіспіз. Құрбан шалудың басқаша жолдарын қарастыруымыз керек. Мұқтаж жандарға көмектесу жолын іздейік. Барынша көп адам жинамай, тапсырыстарды онлайн қабылдау арқылы болса да аталған рәсімді орындау жағын нақтылап атқаруды тапсырамын» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алдағы уақытта салынатын мешіттердің санын нақтылау барысына да тоқталды. Әзірге қажеттілікке сай Нұр-Сұлтан қаласында 3, Алматы қаласында 3, Шымкентте 2 мешіт салу жоспарда бар. Ал жалпы алғанда ҚМДБ Мешіт істері бөлімінің мәліметінше еліміздің өңірлерінде алдағы уақытта 205 құлшылық үйі салынуы тиіс.
Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ «Зекет» қорының ұйымдастыруымен жүзеге асып жатқан «Өмірге үміт сыйла» акциясының қазіргі тынысымен де танысты. Аймақтардағы өкілдіктермен біріге отырып жиналған қаражат бүгінгі таңда өндіруші зауыттың есепшотына аударылған. Осылайша аталған акция барысында алдағы дүйсенбі күні 80-нен аса оттегі тарататын желдеткіш құрал жеткізіледі деді шараға жауапты «Зекет» қорының директоры Талғат Омаров.
Айта кетейік, Діни басқарма қолға алған қайырымдылық шарасы әлі де жалғасып жатыр. Жиын соңында Діни басқарма төрағасы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.