Біз біргеміз: Атыраудағы Әт – Тақуа мешітінде құрбандық шалынды

amin.kz/ 19 сәуір, 2020 жыл. Атыраудағы Әт -Тақуа мешітінде Алла разылығы үшін сиыр малы құрбандыққа шалынып, ел амандығы жолында дұға жасалды.

«Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет жарияланып отырған төтенше жағдай режиміне байланысты, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі мешіттерді, жалпы, қазақстандықтарды қайырымдылық істер қатарын көбейтуге шақырғаны белгілі. Осы үндеу аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі мешіттер «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында мұқтаж жандарға көмек көрсетуде.

Біз сиыр малын құрбандыққа шалып, оның етін мұқтаж отбасыларға жеткізіп бердік. Алла дұғамызды қабыл етіп, жер бетінен қауіпті індетті аластағай» дейді Атырау қаласындағы Әт-Тақуа мешітінің имамы Өсімхан Тілеуов.

Еске сала кетелік, төтенше жағдай Атырау өңірінде де ерекше сезілуде. Қалыпты өмірдің өзгеруіне байланысты жақында Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев жалғыз басты, қарт адамдарға азық-түлікпен көбірек көмек көрсетуге шақырған болатын.

Әт-Тақуа мешіті осылайша, 21 отбасыға ет, 10 отбасына бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пакеттерін жеткізіп берді.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.