amin.kz/ 4 шілде, 2020 жыл. Елде орын алып жатқан күрделі жағдайға байланысты, орталық «Иманғали» мешітінде 8 ірі – қара, 10 қой малы құрбандыққа шалынды. Құрбан малының еті бүгін 200 мұқтаж отбасына таратылды.
Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, аталған қайырымдылық шаралар аудан, ауыл мешіттерінде де жалғасады. Яғни, алдағы екі-үш күн турасында Атырау мешіттерінде тағы 34 мал құрбандыққа шалынады.
«Қазіргі таңда елімізді, әлемді вирус алаңдатып отыр. Жаратушы Иемізден халықтың амандығын дұға етіп тілеудеміз. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алла разылығы үшін құрбандық шалған еді. Осы бастаманы атыраулық атымтай жомарт ағаларымыздың себепші болуымен мұнайлы өңірде жалғастырудамыз.
Алла Тағала ауырып жатқан бауырларымызға саулық берсін. Жұқпалы дерттен көз жұмғандарды жаны жәннатта болсын» деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Бас имам жұртшылықты Алладан көбірек кешірім сұрап, дұға тілеуге, салауат айтуға, қорқынышқа бой алдырмауға шақырды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз – қызметі.