Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Фейсбук» желісіндегі парақшасында жазды.
«Бұрын өз жаратылысынан жеру деген жағымсыз істі жат жұрттан көріп, жағамызды ұстаушы едік…
Өткен жолы Алматы көшесінде өз құқығын желеу еткендердің ЛГБТ-ның түрлі-түсті жалауын желбіретіп жүргені арқамызға аяздай батты. Енді жыныс ауыстыруға ресми рұқсат берілгені қоғамның наразылығын тудыруда…
Жыныстық мүшені ауыстыру – өз жаратылысыңа қарсы шығу. Бұл – азғындықтың ең ауыр түрі, шайтан ісі.
Алла Тағала Құранда «Ниса» сүресінің 119-аятында лағынетке ұшыраған ібіліс шайтанның адам баласын азғыру туралы былай деп ант ішкенін ескертеді:
وَلآمُرَنَّهُمْ فَلَيُغَيِّرُنَّ خَلْقَ اللَّهِ «Мен оларға (адамзатқа) Алланың жаратылысын өзгертсін деп сөзсіз әмір етемін…».
Демек, кім әзәзіл шайтанды дос тұтып, өз жаратылысына қарсы шығып, жынысын ауыстырса – ашық адасқаны, лағынетке ұшырағаны…
Алла Тағала адамзатты ерекше махаббатпен жаратты. Ер мен әйелдің өзіне тән қасиеттерін белгілеп, ерекшеліктерін айқындады. Жаббар Алла әйелдің жаратылысын нәзік, сезімтал, ал ер адамды күшті, қуатты етіп жаратты. Әйелдің еркекке, ал еркектің әйелге еліктеуі дұрыс емес. Мұндай қылыққа барған адам Құдайдың ашуын туғызады.
Ибн Абастан жеткен риуаятта: لَعَنَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّه عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْمُتَشَبِّهِينَ مِنَ الرِّجَالِ بِالنِّسَاءِ ، وَالْمُتَشَبِّهَاتِ مِنَ النِّسَاءِ بالرِّجالِ«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) (сөйлеген сөзінде, жүріс-тұрысында, киім киісінде, боянуында) әйелдерге ұқсағысы келген ерлерді, ерлерге ұқсағысы келген әйелдерді лағынеттеді», – деп келген.
Алла жастарымызды мұндай лағынеттен сақтасын! Қазір өзіндік ойы мен таңдауы қалыптасқан, кейбір істерде үлкендердің ақыл-кеңесін қажет ете бермейтін буын өсіп келеді. Сол үшін ұлымызды намысты, жігерлі етіп, ал қызымызды мейрімділікке, ізгілікке тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз.
Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан ұлан-ғайыр жерді келер ұрпаққа аманаттап тастап кетуіміз үшін, ұрпағымызға сол аманатқа қиянат жасап қоймайтындай тәлім-тәрбие бере білуіміз керек. Адамзатты мақсатты түрде азғындау амалдары күшейген алмағайып заманда ұрпақ тәрбиесін түзеуге әрбір ата-ана, әр қайсымыз барынша күш салғанымыз абзал.
Кез-келген істің салдарымен ғана емес, себебімен жұмыс жасап, алдын алуға мән беруіміз керек. Осы бастан баланың киім кию әдетіне, достарына, немен ойнап, неге әуестеніп жүргеніне, жүріс-тұрысы мен көзқарасына сәт сайын көңіл бөліп, қадағалап отыруымыз тиіс.
Олардың ең жақыны мен нағыз жанашыры – Сіз бен біз емес пе? Қорыта айтқанда, әйелдің ер кісіге ұқсауы, ер кісінің әйелге ұқсауы харам, үлкен күнә болып саналады. Мұндай сорақы іске қасақана қадам басқан адамның ақыреттегі жағдайы қорқынышты.
Алла Тағала табиғи жаратылысынан жеріген ұрпақтан сақтасын. Адам құқығын желеу етіп, жастарды жаман әдетке үйір етуге ұмтылған жандарға дұрыс түсінік пен һидаят, жүрегіне иман байлығын нәсіп етсін. Әмин!» делінген постта.